Алматының Наурызбай ауданында автобустардың төрт бағыты ұзартылып, жаңартылды
2022 жылғы 10 тамыз 15:37

Алматының Наурызбай ауданында автобустардың төрт бағыты ұзартылып, жаңартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Наурызбай ауданында қоғамдық көліктердің төрт бағыты ұзартылып, жаңартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде аудан әкімі Санжар Тоғай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Алма сити Е-5» тұрғын үй кешені және Карьерная көшесі тұрғындарының өтініші бойынша №31 және 67 автобус маршруттары ұзартылды. Сонымен қатар №44 және 137 бағыттар жаңартылды.

Аудан әкімі бағыттардың, жылжымалы құрамның, сондай-ақ автобус аялдамаларының жетіспеушілігі өзекті болып қалатынын айтты.

Шұғыла, Құрамыс, Тастыбұлақ шағын аудандарында қосымша маршруттық желілерге және жылжымалы құрамды ұлғайту қажеттілігі бар.

«1 қыркүйекке дейін қаланың батыс бөлігінде маршруттық желіні оңтайландыруды жоспарлап отырмыз, оның аясында №49 (шағын аудан бағыты бойынша) жаңа маршрут ашылады. Абай-Карьерная көшесі – «Момышұлы» метро станциясы) және №110 маршрут («Момышұлы» метро станциясына дейін) ұзартылатын болады, бұл Наурызбай ауданының көлік қызметін жақсартуға көмектеседі», - деді Санжар Тоғай.

Аудан әкімі аялдама кешендерінің құрылысына жеке тоқталды. Әзірге олардың саны 35. Жыл соңына дейін барлық заманауи талаптарға сай келетін 8 толық аялдама орнатылады.

Сонымен қатар, ол алдағы 5 жылда Наурызбай ауданы халқының саны 150 мың адамға артатын атап өтті.

«Осыған байланысты Алатау көшесінің Абай даңғылындағы станциядан бастап, Әшімов көшесінің бұрышынан «Барлық» базары ауданындағы станцияға дейінгі метро трассасы өзгертілді. Қазіргі уақытта Абай даңғылының бойында Яссауи көшесінен батыс бағытта Әшімов көшесінің қиылысына дейін орналасқан «Қалқаман» станциясының құрылысы басталды. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл», - дейді ол.

Жалпы алғанда, 2026 жылға дейін Наурызбай ауданында ұзындығы 5,2 км 3 станция салынады. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізілуде.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT