Алматының мәдени нысандарында мүгедек жандарға жағдай жасалған ба

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелері қаладағы мәдени нысандарға мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАҚпарат тілшісі.

Мониторинг барысында комиссия мүшелері мәдени нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін тексерді.

Almaty Theatre көпсалалы мәдениет алаңынан басталған мониторинг жұмысында жаңа нысанның іші мен сыртында мүгедектерге арналған тактильді навигация жасалмағаны анықталды. Бұл туралы қоғамдық кеңестің мүшесі, комиссия төрағасы Богдан Джепка мәлім етті.

«Театр әдемі әрі жақсы салынған. Көлік тұрағы да жасалған. Бәрі дұрыс. Дегенмен, нашар көретін жандар үшін көлік тұрағынан театрға дейін тактильді навигация жасалмаған», - деді ол.

Осыдан соң комиссия мүшелері «Арман» кинотеатрында болды. Мұнда да тактильды навигация мәселесі бар және кинотеатр ішінде мүгедек жандарға арналған орындар жоқ.

«Бұл – көптеген кинотеатрларда бар мәселе. Мен көбінесе сауда орталықтарындағы Chaplin Cinemas кинотеатр желілеріне барамын. Онда біз секілді арбаға таңылған кісілерге біршама ыңғайлы жағдай жасалған», - деді Богдан Джепка.

Келесі кезекте комиссия мүшелері Республика сарайының алдында арбаға таңылған жандар үшін сарайға кіретін бағыттарды көрсететін белгілердің жоқ екенін анықтады.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында пандустар стандартқа сай емес болып шықты.

Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында тактильді навигация жоқ, мүгедектер арбасын көтеретін көтергіш жұмыс істемей тұр.

Алматы қалалық қоғамдық кеңестің әл-ауқат жөніндегі комиссиясының төрайымы Жанат Қасымжанова мониторингты қайта құрылған қоғамдық кеңестің мүшелері жасағанын айтты.

«Біз жақында сайландық және бұл мониторинг біздің жоспарда болған. Біз әлі қаладағы мәдени нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігін тексеретін боламыз. Себебі, олар – біздің қоғамның толыққанды мүшесі», - деді ол.

Ал қоғамдық кеңестің мүшесі, мониторингтік комиссияның төрағасы Богдан Джепка комиссияда тексеру актісі бар екенін, онда анықталған барлық кемшіліктер жазылатыны, кейін ол кемшіліктерді жою үшін ұсыныс әзірленіп, қалалық әкімдікке жолданатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар