Алматының қысқы универсиадаға дайындығын тексеруге Халықаралық студенттік спорт федерациясының ресми делегациясы келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2017 жылы өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық аясында алғашқы жұмыс сапарымен Халықаралық студенттік спорт федерациясының ресми делегациясы Алматыға келді.

Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) президенті Клод Луи Галльен (Франция) және FISU бас хатшысы Эрик Сейнтронд (Бельгия) Қазақстанға алғаш рет сапармен келіп отыр.

«Басты мақсат - Алматы қаласы басшылығы мен Үкімет өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, сонымен қатар студенттік спорттық Ойындарды өткізудегі дайындық бойынша кейбір мәселелерді талқылау», - деп хабарлады 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада - 2017 баспасөз қызметі.

Сапар барысында Техникалық комитет (CTI) пен оның төрағасы Роджер Рот (Швейцария) т.б. мамандар енген комиссия спорттық шараға деген дайындық барысымен танысады. Негізгі назар Универсиада нысандарындағы жұмыстардың ұйымдастырылуына аударылмақ. CTI сарапшылары Ойындар өткізілетін спорт нысандарына халықаралық деңгейдегі жарыстардың өткізілуі қаншалықты дайын әрі лайық екенін анықтау үшін бармақ. Техникалық комитет барлық спорт нысандарына баға беріп, жаңадан салынып жатқан объетілердің құрылысымен танысады. Сондай-ақ комиссия мүшелері Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиаданы өткізу үшін қазіргі дайындық барысындағы Ұйымдастыру Комитетінің әрекетін бағалайды.

Жұмыс тәртібі бойынша сараптамалық комиссия денсаулық сақтау мекемелері мен Ұлттық антидопингтік орталыққа барып, одан кейін Ойын кезіндегі медициналық қамсыздандыру мен допинг-бақылау мәселелерін талқылайды. Бағдарламаға қысқы Универсиада барысындағы телетарату мен ақпараттық технологияларды ұйымдастыру бойынша инспекция да қарастырылған.

FISU делегациясының құрамына спорттың түрлі салаларынан халықаралық деңгейдегі мамандар, Медициналық комитет, EUROSPORT телеарнасының жетекшілігі, IT-технологиялар мамандары енді. Жалпы алғанда Алматыға әлемнің 11 елінің өкілдері келген.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы Алматы қаласында өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың 29 қарашасында Брюссельде Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) дауыс беруімен қабылданған.

2017 жылы өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу мен ұйымдастыру бойынша келісімшартқа FISU, Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық студенттік спорт федерациясының басшылығы қол қойған.

Бүгінде 2017 жылы өтетін Универсиадаға дайындық аясында Мастер-жоспар, Өтініш кітабы мен Келісімшартқа сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар