Алматының көші-қон полициясы 5 мың еңбек мигрантына рұқсатнама берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР «Еңбек мигранттары туралы бірқатар заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енгелі бері 4 айда қалалық көші-қон полициясы 4 818 еңбек мигрантына рұқсатнама берген. Сонымен қатар, 360 шетелдіктің, оның ішінде 26 тәжікстандық, 329 өзбекстандық азаматтың рұқсат қағазының уақыты ұзартылды.

«Жаңа заңнаманың негізгі мақсаты - жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін пайдалануға рұқсат беру жүйесін жеңілдету. Сондай-ақ, салық заңнамасындағы олқылықтардың да орны толтырылды. Бұл заңның күші Қазақстан Республикасымен жұмысшылардың визасыз келуі мен 3 айға дейін тұруына рұқсат беру жөнінде келісімдері бар елдерге ғана таралады.

Рұқсат тек жеке тұлғалардың үйінде қызмет етуге берілген», - деді қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы Асхат Бүтіншинов.

Оның айтуынша, көші-қон полициясының аудандық бөлімдерінде еңбек мигранттарына, жеке тұлғаларға жаңа заңдағы ережелерді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қалай тіркеліп, рұқсат алып, қалай мерзімін ұзарта алатыны туралы жаднама жасалды.

«Қазір ҚР ӘҚК 396 бабы бойынша өзгерістер енгізілді. Егер жеке тұлға еңбек мигрантын сәйкес құжаттарсыз әрі бір жеке тұлға бір мезетте 5 шетелдік азаматты жұмыс істеуге мәжбүрлесе, 30 АЕК көлемінде айыппұл, осы әрекетті 1 жыл ішінде тағы қайталаса, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болды», - деп қорытындылады Асхат Бүтіншинов.

Соңғы жаңалықтар