Алматының ірі кәсіпорындары бірқатар ұлттық компаниялармен меморандумға қол қойды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында Алматының ірі кәсіпорындары бірқатар ұлттық компаниялармен меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық туралы келісім шарт негізінен жергілікті мазмұнды дамытуға бағытталған.

Атап айтқанда, «Магнум» сауда желісі мен «Алматы ауыр машина жасау зауыты» ЖШС, «Белкамит» ЖШС, Алматы қалалық әкімдік өкілдері, «Маңғыстау мұнайгаз» компаниясы мен «Алматы ауыр машина жасау зауыты» ЖШС өкілдері, «Қазақстан темір жолы» АҚ пен «Қазақстан электролиз зауыты» ЖШС, «Алюгал» ЖШС өкілдері, «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Сайман» корпорациясы, «Қазремэнерго» ЖШС өкілдері өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Қала басшысы Ахметжан Есімов дағдарыс кезінде ең басты мәселе жұмыс орындарын сақтап қалу екендігін жеткізді.

«Отандық компаниялар сырттан келетін импорттың орнын басатын тауар шығаруға әзір. Ол үшін импортты шектеуіміз керек. Жалпы экономиканың мүддесін ойлау керек. Қазір дағдарыс кезінде бізге жұмыс орындарын сақтап қалу мен отандық кәсіпорындардың бар қуатында жұмыс жасауын қамтамасыз ету маңызды», - деді қала басшысы.

Алматы әкімі отандық тауар өндірушілердің ұшырап отырған қиындықтары туралы да тілге тиек етті.

«Дағдарыс ең алдымен қаржыландырудан басталып отыр. Өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап бизнесті несиелеу елеулі қысқарды. Банктер теңгемен кредит бермейді, берсе де шетелдік валютаға байланысты етіп беруде. Теңге бойынша несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыз. Оған кез-келген кәсіпорынның қауқары жете бермейді.

Сонымен қатар кейбір басталып кеткен жобаларды қайта қаржыландырудың өзі қиындық туғызып отыр. Мәселен, «Тихаус» ЖШС «Ассам шайы маркасымен» 250 адам жұмыс жасайды, жылдық айналымы 8 млрд теңге.

«Бұл компания мемлекет ұсынған қолдау бағдарламаларына қатыса алмайды. Өйткені айналым қаржысы да, штаты да жетпейді. Сондықтан мен бағдарламаға қатысушылардың критерийлерін жылдық айналымы 6-10 млрд теңге, жұмыс жасайтын адам саны 250-400 адам шамасында етіп жеңілдетуді ұсынамын. Үшіншіден, Қазақстанда сауда орындарында, дүкендер мен сауда нысандарында отандық өндірушілерге 50 пайыз орын берілуін қамтамасыз ету керек. Мұндай шара қазір Беларусь елінде бар. Ресейде осыған қатысты заңнама жасалып жатыр», - деді А.Есімов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ресей тарапынан ағылып жатқан бәсекеге қабілетті тауар отандық тауарларды ығыстырып барады. Олармен бәсекеге бару қазақстандық кәсіпорындарға өте қиынға түсіп жатыр.

«Біздің кәсіпорындар нарықта контрафактілік өнімнің белең алуынан да жапа шегіп отыр. Осыған байланысты контрабандалық және контрафактілік өнімдерді өткізумен айналысатындарды қылмыстық және әкімшілік жазалауды күшейтуді ұсынамын», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар