Алматының іргесінде медициналық қалдықтар шашылып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы маңайында шашылып жатқан шприцтер мен дәрі ампулалары көпшілікті шошытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экопатруль» қозғалысының кезекші пультіне жабайы полигон туралы жергілікті тұрғындар хабарласқан.

Алатау ауданындағы ЖЭО-2 жақын орналасқан полигонды тексеруге аудан әкімі, Экология департаментінің қызметкерлері, қоғам белсенділері, Экологиялық полиция мамандары келген.

Тексеру барысында бұл жерде шала жанған шприцтер мен ампулалар сақталып тұрғаны анықталды.

«Бұл құқықбұзушылық бойынша ҚР ҚК 338-бабы мен 328-бабына сәйкес топырақ пен суды ластағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл заттардың барлығы зарарсыздандырудан соң жерасты суларына қосылатынын анық», - деді «Экопатруль» қозғалысының жетекшісі Тимур Елеусізов.

Маманның айтуынша, бұлар жай қалдықтардан анағұрлым қауіпті.

«Бұларды жою үшін арнайы пеш болуы тиіс. Пештің қызуы 1000 градусқа дейін жетуі керек. Мұндай полигондар толығымен оқшау болуы керек. Біз көріп тұрғанымыздай, бұл жерде заттар толық өртелмеген. Жартылай жанған. Қан құйылған ампулалар да шашылып жатыр. Егер бұларды жабайы аңдар, иттер иіскесе, адам баласына да қауіп төндіреді. Санитарлық нормаға сәйкес мұндай орындардан радиусы 300 метр қашықта ешбір кәсіпорын, тұрғын үй болмауы керек. Ал мына жерде 10 метрден соң түрлі өндірістер орналасқан. Адамдар жұмыс істейді. Сонымен қатар, бетон еден мен бетон ғимарат болуы керек. Бұл жерде ешбір норманың сақталмағанын көріп тұрмыз», - деді Тимур Елеусізов.


Эколог мамандар мұндай қалдықтардың айналада қанша жатқанын анықтау мүмкін еместігін айтады.

«Қазір бұл қалдықтарды жою талаптарының бұзылғанын көріп тұрмыз. Тек 70 пайызы ғана өртелсе, қалғаны бір жерге жиналған. Ал бұл қалдықтар 100 пайыз жойылуы тиіс. Кәсіпорын құрылтайшысы мен директоры аудан әкімдігіне шақырылды. Олардың рұқсат беру құжаты тексерілетін болады. Егер арнайы рұқсат құжаты жоқ болса, заңға сәйкес жазаға тартатын боламыз», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Рейдке шыққан мамандар санитарлық талаптарды өрескел бұзған компанияға қалайша құзырлы органдар лицензия бергенін анықтауды қолға алды.



Соңғы жаңалықтар