Алматының интерактивті діни картасы азаматтарды адасудан сақтайды - дінтанушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қаланың діни интерактивті картасының тұсауы кесілді. Көптеген сарапшылар жаңа жобаның халықтың діни сауатын көтеруге ықпалын тигізеді деп отыр.

«Әлбетте радикалды және экстремистік, діни ағымдардың сонымен қатар діни культтердің таралуы қоғамымызға үлкен зардабын тигізеді. Неге десеңіз, бақылаусыз өз бетімен кеткен ағымдар қай жаққа апаратыны белгілі. Дін істері басқармасы мен «Сараптама және зерттеу» орталығының біріккен жобасы интерактивті карта осындай ағымдардың ықпалынан адамдарды құтқаруға септігін тигізеді. Себебі ресурс ашық, кез-келген қолданушы кіре алады. Қандай конфессия қандай құжатпен  жұмыс жасап жатыр. Барлық ақпарат айқын», - деді орталықтың бас сарапшысы Қумашев Асхат.

Жоба  авторларының бірі «Сараптама және зерттеу орталығының» жетекшісі Бейбіт Тұрабаевтың айтуынша, карта конфессияаралық қатынастардан шығып отырған қателіктердің орнын толтыруға мүмкіндік береді.

«Сайт арқылы біз азаматтарды діни ұйымдар туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін боламыз. Мониторинг процесін оңтайландыруға болады. Бұл өз кезегінде 178 діни ұйым туралы ақпарат шоғырланған  мәліметтер базасы болмақ. Мұндай бірегей жобаның ТМД аймағында  баламасы жоқ. Адамдар арнайы хабарлама қалдырып, деструктивті ұйымдар туралы мәлімет қалдыра алады», - деді Бейбіт Тұрабаев.

Жоба екі тілде  - қазақ және орыс тілдерінде, барлық гаджет түрлеріне бейімделген арнайы электрондық портал түрінде шығарылды.

Сайттың басты бетіндегі «Интерактивті картада» қаладағы барлық діни ұйымдарға, діни-ғұрыптық ғимараттарға, діни әдебиеттер тарататын нысандарға толық сипаттама берілген. Карта жаңа қосылған мәліметтермен үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, діни әдебиет саудасының рұқсат етілген орындарының  тізімі көрсетілген.

Сарапшылардың айтуынша, діни экстремизм идеологиясының таралуына көптеген себептер мен факторлар бар.

Олардың қатарында жергілікті халықтың діни сауаттылығының төмендігін, жергілікті тұрғындардың қала (мемлекеттер) территориясында әрекет етіп жүрген діни ұйымдардың қызметтері жайлы хабарсыздығын, ғаламтордағы деструктивті ағым мүшелерінің белсенді әрекетін атап өтуге болады.

Бүгінгі күні әртүрлі радикалды және экстремистік діни ағымдардың, сонымен қатар деструктивті діни ғұрыптардың таралуы, қоғамның бейбіт дамуына және тұрақтылығына төніп тұрған ең үлкен қауіптердің бірі болып отыр. 

Әсіресе, қоғамда дінге деген қызығушылықтың өсуіне байланысты бұл өзекті мәселеге айналды. Алматының интерактивті діни картасы осы мәселені шешуге арналған.  Бүгінде ресурсты өңдеу және толтыру жұмыстары толығымен аяқталды.

Карта қала тұрғындарын заңды түрде қызмет етіп жатқан діни ұйымдар, діни-ғұрыптық ғимараттар және миссионерлер туралы хабардар етіп отырады. Сонымен қатар, бақылау процесін едәуір тиімді етіп, жүргізіліп отырған жұмыстың жылдамдығы мен нәтижелілігін арттыруға көмегін тигізетін қала тұрғындарына да қатысуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар