Алматының индустриалды аймағында 9 жоба жүзеге асырылады
Алматыда жыл соңына дейін 40,5 млрд теңгенің 9 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Ірі жобалардың бірі – Hyundai жеңіл көліктерін шығаратын зауыт.
«Almaty Business бағдарламасы аясында Индустриалды аймақпен қатар 10 шағын өндірістік парк құрылды. Инвестициялардың жалпы сомасы – 5,3 млрд теңге, оның ішінде 2020 жылы 3 өндірістік парк іске қосылды, жыл соңына дейін 5 өндірістік паркті ашу жоспарланған. Мұнда 1,1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өндірістік парктерде тамақ, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және өнеркәсіптік құрылыс салаларының 29 кәсіпорыны жұмыс жасап тұр»,- дейді әкім.
Жоғары технологиялы компаниялар үшін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы бар.
Инфрақұрылым салынды, қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.
Қазақстанда алғашқы фармацевтикалық кластерді құру үшін 4 компания тартылды, ал инвестиция көлемі - 33 млрд теңге.
Сондай-ақ, құрал-жабдықтар жасайтын салада құны 10,3 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады.
«Жобаларды іске асыруда Алматының іскерлік кеңесі ауқымды жұмыстар жүргізді, өйткені оның құрамында бизнестің адамдары бар. Кеңес жанынан 9 салалық комитет құрылған, бұларда бизнесті қолдаудың өзекті мәселелері талқыланады. Іскерлік кеңестің қатысуымен қала экономикасын қалпына келтіру және дамыту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар әзірленген болатын»,- деді Бақытжан Сағынтаев.