Алматының егеуқұйрықтары неге семіз болатындығын мамандар айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінде семіз егеуқұйрықтар жиі көзге шалынып қалып жүр. Оларды орталық көшелерде де байқауға болады. Кеміргіштердің көбеюі мен оларға қарсы күрес туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мамандары айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары хабарлағандай, жыл сайын департамент мамандары мен обаға қарсы институт қызметкерлері арнайы тәсіл бойынша күрес жүргізеді.

 Улау жұмыстары жүргізілген соң келесі жұмыстарға дейінгі 6 айда егеуқұйрықтар көбейіп үлгереді. Бір аналық 15 рет туады.

Егеуқұйрықтармен күресте 3 классты улы дәрілер бромадиолон, клерат, ланират, бараки дәрілерін пайдаланады.

«Бұл улы қосындылардың ерекшелігі жануарлар бұдан бірден өле қоймайды. Өйткені өте сақ болғандықтан, уланған тағамды келесі жолы аузына алмас еді. Оны жеген соң кеміргіштер сақтығын жоғалтып, ашық далаға шығып кетеді. Дәріні жеген соң олар іштері кеуіп өледі. Сондықтан да сырттан семіз болып көрінуі мүмкін», -деді департамент өкілдері.

 Мамандардың айтуынша, биыл егеуқұйрықтар Алатау, Медеу, Әуезов аудандарында көп болды. Бұл аталған аумақтарда жер үйлердің көптігіне байланысты болып отыр.

Сондай-ақ биылғы 6 айда 36 адам кеміргіштердің шабуылына тап болған. Адамдардың басым көпшілігін үй кеміргіштері (су шошқасы, хомяк, атжалмандар) тістеп алған.

Медицина мамандарының айтуынша, жабайы кеміргіштер оба, құтыру, иерсиниоз, листериоз, пастереллез, лептоспироз,  псевдотуберкулез, туляремия ауруларының қоздырғышын тасымалдаушы ретінде белгілі.

Қала билігі зиянкес кеміргіштермен күресті үздіксіз маусым сайын жүргізіп келеді.Ол үшін мемлекеттік тендер жарияланады. 

«Улау жұмыстарынан бөлек үй, қойма тағы басқа шағын кеңістікте кеміргіштерді бездіруге арналған ультрадыбысты құралдар жиі пайдаланылып келеді. Соңғы жылдары өңдейтін аймақтың ұлғаюына байланысты 2017 жылы республикалық бюджеттен маусымдық дератизация жұмыстарына 100 мың теңге бөлінді», - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Ермек Камелов.

Сонымен қатар қоғамдық орындарды улаудан бөлек аудан әкімдіктері территориясында орналасқан барлық меншік иелерін егеуқұйрықпен күресуге жұмылдырады.

Соңғы жаңалықтар