Алматының ЕАЭО қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар - сарапшы пікірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының ЕАЭО қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұл туралы пікірін ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің профессоры, экономика ғылымдарының директоры Нұрлан Нұрсейіт жеткізді.

Маманның пікірінше, Алматы ЕАЭО қаржылық орталығы болса, бұл Қазақстанның экономикасының дамуына оң ықпалын тигізеді. Алайда, айтып қою - бір мәселе де, іс жүзінде жүзеге асыру - бір мәселе. Әлемдік тәжірибеде қаржылық орталықтар қатысушы елдердің ортасында географиялық тұрғыдан оңтайлы жерлерде орналасқан, белсенді сауда және инвестициялық операциялардың тоғысқан жерінде қалыптасады. Айталық, Лондон, Гонконг, Нью-Йорк, т.б. қалалар қаржылық орталық статусына ие. «ЕАЭО-ға келер болсақ, елдер арасындағы өзара сауда әлемдік өлшем бойынша аса белсенді емес. Әрине, бұл жерде Алматыдан гөрі қаржылық ағын мен географиялық орналасуы жағынан Мәскеудің мүмкіндігі жоғарырақ», - деп санайды маман. «Алматының қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар, егер де Батыс елдері Ресейге қатысты қаржылық санкция енгізетін болса. Бірақ, оған дейін бармайтын шығар. Сол кезде Ресейге Батыс елдерінің банктерімен қаржылық операцияны Қазақстан банктері арқылы жүзеге асырған тиімді болады. Сонда ЕАЭО елдерінің қаржылық есептесу орталығы табиғи жолмен Алматыға көшеді. Өйткені, Алматыда Қазақстан банктерінің бас офистері шоғырланған», - деді Н.Нұрсейіт. Оның айтуынша, ЕАЭО елдері шикізаттық емес тауарларының бәсекелестігі артып, әбден нығайған кезде әрі сол арқылы еш шығынсыз Қытай, Үндістанмен еркін сауда туралы келісімге келе алатын деңгейге жеткен кезде Алматының мүмкіндігі одан әрі арта түседі.

Соңғы жаңалықтар