Алматының донор-рекордсмендері кім

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 14 маусым – Дүниежүзілік қан донорлары күні. Республикалық қан орталығының мамандары донор-рекордсмендер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қан орталығының мәліметінше, қан доноры болу – ерікті шара. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Одан бөлек, ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар өз өмірін 5-7 жылға ұзартады.

2021 жылдың басынан бері Алматы қаласындағы республикалық қан орталығында 4093 литр қан және оның компоненттері жиналды.

Тұрақты донорлардың арасында бірқатар алматылық бар. Солардың бірі – Нұртуған Ақмырзаев. Ол 82 донация жасады: қан – 22, плазма және тромбоциттер донорлығы – 60.

Ал, Динара Тұрғалиева 84 донация жасады. Оның ішінде қан – 20; плазма, тромбоциттер донорлығы – 51.


Қамқор донор – Мұхтар Зейнуллада 40 донациясы бар. Қан донорлығы – 8, плазма, тромбоциттер донорлығы – 32.

Сонымен қатар, 61 донорлық жасаған Келесім Ракмышев қан мен оның компоненттерін тапсыру бойынша рекордсмен атанды. Қан донациясы – 28, плазма, тромбоциттер донорлығы – 33.

Тромбоциттерді донорлық етудің рекордшысы – Асқар Нұртаев. 52 донорлық: қан – 25; плазма, тромбоциттер донорлығы – 27

Сирек топтар арасындағы рекордшы – Евгений Самсонов. Оның 51 донациясы бар. Қан – 40, плазма және тромбоциттер – 11.


Республикалық қан орталығы отбасылық донорларды атады.

Бұл – Қарабековтар, Евфимовтар, Әсенхановтар, Саитовтар және Литвиненко жанұялары.

Бұл тізімде донорлық акция ұйымдастыратын көптеген ұйым бар.

Қан орталығының мәліметінше, Аслан Сәулетұлы ең жас белсенді донор болды. Ол 18 жасында 18 рет қан тапсырды. Қан донорлығы – 7, плазма және тромбоциттер – 18.

«18 жастан асқан кез келген сау адам, жынысы мен кәсібіне қарамастан, донор бола алады. Әрбір донор қан тапсырмас бұрын медициналық тексеруден өтеді. Қан тапсырғаннан кейін де, көп жылдар өтсе де донорларға жүргізілген сауалнамалар олардың денсаулықтарында ешқандай ауытқуларды анықтаған жоқ.

Донор қан тапсыратының алдында дұрыс тамақтану және сұйықтықты көп ішу керек. Бұл күні майлы, тұзды, қуырылған, ащы, ысталған, сондай-ақ сүт өнімдері мен жұмыртқа жемегендері абзал. Тәтті шай, джем, нан, пісірілген жарма, макарон, шырындар, минералды су, көкөністер, жемістер жеген пайдалы.

Сонымен қатар, ішімдік және құрамында аспирин мен анальгетиктер бар дәрі-дәрмектерді ішуге болмайды. Қан тапсыратын күні таңғы ас ішу керек. Қан тапсырардан бір сағат бұрын темекі шегуден бас тартқан абзал», - деп атап өтті қан орталығындағылар.


Соңғы жаңалықтар