Алматының цифрлық шешімдері «ақылды қалалар» байқауында үздік деп танылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүзеге асқан «Сергек» қоғамдық және жол қозғалысы жүйесі IDC Smart Cities and Communities Europe and Central Asia Awards «Ақылды қалалар мен қоғамдастықтар» жобаларының байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл байқауға 2020 жылы 12 елден 40-тан астам жоба қатысты. Алматының «Сергек» қоғамдық және жол қозғалысы жүйесі «Көліктің интеллектуалдық жүйесі» номинациясында бірінші орынды алды. Мәскеулік интеллектуалдық бағдаршамдар екінші орынды алды. Жобалар IDC-тің арнайы жүлделерімен марапатталып, 2020 жылдың «Ақылды қалалар мен қоғамдастықтар» жобаларының үздіктер жинағына енетін болады. Жалпы, байқау аясында бес номинация бойынша 15 жоба үздік деп жарияланды.

«Біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұрды, мен жобаға қатысқандардың барлығына алғыс айтамын. Меніңше, бұл байқау Орта Азияның жаңа құрылымдық жүйесін дамытудағы тамаша мүмкіндік әрі жасанды интеллектке негізделеді. Тек видеобақылау мен видеомониторингтер ғана емес, сонымен қатар интелектуалдық әкімшілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді»,- деп атап өтті Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Жалпы Алматы екі номинация бойынша жүлдеге ие болды. Оның ішінде «COVID-19 пандемиясына жауап ретінде ептілік пен ынтымақтастықты арттыру үшін қауіпсіздік мәліметтерін пайдаланатын қалалар арасында» жүлдесі бойынша да сыйлық алды.

Қорытынды тізімге үш бастама енді. Олар Рейн-Неккар-Крейс округіндегі COVID-19-ға қатысты төсек-орындар басқармасы, Алматының селге қарсы автоматтандырылған мониторинг жүйесі және Валенсиядағы COVID-19 бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» стратегиясына сәйкес Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел мониторингін жүргізудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Жоба аясында «Қазселденқорғау» аумақтарында автоматтандырылған жұмыс орындары бар 31 станция салынуда. 2019 жылы 10 ASM станциясы іске қосылды, ал қалған 21 станцияны 2021 жылы іске қосу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар