Алматының Бостандық ауданында Оқушылар сарайының ғимараты әбден ескірген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданындағы инфрақұрылым және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бақ Алма» бау-бақша серіктестігі аумағындағы Бағанашыл шағын ауданында жартастың ұзындығы 350 метрге жуық қауіпті учаскесін нығайту жұмысы жүріп жатыр.

Жауын-шашынның салдарынан топырақ опырылып, терең жарықтар мен лай көшкіні пайда болады.

Габион құрылғыларын тиімді қолдану жартастың бұзылуы мен көшкіннің алдын алады. Осылайша, 37 үй тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Алма-Арасан шатқалында орналасқан Көкшоқы шағын ауданында сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылды, көшелерді жарықтандыру жұмысы жүруде, жол салу жоспарланған.

Тұрғындардың өтініші бойынша мұнда этноауыл құру жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылады.

Тұрғындар қазақи шеберлікпен – киіз үй, халық аспаптары, ас үй ыдыстары, ұлттық зергерлік бұйымдар жасаумен және ұлттық киімдерді тігумен айналысады.

Бақытжан Сағынтаев «Almaty Business-2025» аймақтық бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды, шағын өнеркәсіптік парктердің бірінде өндірістік шеберханалар ашып, жылдық 2%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуды немесе гранттық қолдауды пайдалануды ұсынды.

Бостандық ауданында, басқа аудандардағы сияқты, аула аумақтарын жөндеу жалғасып жатыр.

Алматы әкімі Брусиловский, 247 «а» көшесіндегі аулаларды абаттандыру барысымен танысты.

Абаттандырудың кешенді әдістері ересектерге де, жасөспірімдері бар балаларға да жайлы жағдай жасайды.

Мұнда спорт алаңдары, балалардың ойын алаңдары мен белсенділік алаңдары пайда болады.

Қала басшысы ойын алаңдарына арналған спорт тренажерлері мен жабдықтарды таңдауда тұрғындардың пікірін ескеру қажеттілігіне назар аударды.

Сонымен қатар, әкім бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. «Нұр Алатау» шағын ауданында кәсіпкерлер «Ғылым балабақшасы» деп аталатын жеке балабақша ашты.

Жалпы, ауданда 30 мемлекеттік және 69 жекеменшік балабақша бар, оларға 9,5 мыңға жуық бүлдіршін барады.

Бизнесмендердің ортақ іске қатысуы мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығының белгілі бір бөлігін жеңілдетуге көмектеседі.

Бақытжан Сағынтаев «Зердеш» жеке мектебіне орын дайындау барысымен танысты.

Білім мекемесі Торайғыров көшесі, 21/1. Sholpan City тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасады.

Мектепте 1-4 сынып оқушылары білім алады. Ол 600 балаға арналған. Жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Бұдан өзге, тұрғын үй кешенін салу кезінде спорт алаңдары, оның ішінде жабық бассейн қарастырылған.

Алматы әкімі бұл әдістің жаңа құрылыс ережелеріне сай екенін, жаңа тұрғын үй кешендерін салу кезінде әлеуметтік инфрақұрылымды қамту қажет екенін атап өтті.

Қала әкімі Бостандық ауданындағы Оқушылар үйінің қызметімен танысты, оған 7-17 жас аралығындағы 1,3 мыңнан астам бала келеді.

Білім мекемесі 1964 жылы салынған моральдық және техникалық жағынан ескі үйде орналасқан.

Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев толыққанды жұмыс жасау және балалардың жан-жақты дамуы үшін ескі нысанды сүру және оның орнына жаңа заманауи оқушылар үйін салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Жұмыс сапары кезінде мегаполис әкіміне «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» жұмысы көрсетілді.

Орталыққа айына зейнет жасындағы 6 мыңға жуық адам келеді, олар мұнда қоғамдық-әлеуметтік өмірге тартылып, спортпен, музыкамен, бимен айналысады әрі өзара әңгімелесіп, бос уақыттарын пайдалы өткізеді.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларының ой-өрісін дамыту үшін жобалық қуаты 60 балаға арналған «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы ашылған.

Олармен сабақты аға буын өкілдері өткізеді.

Бақытжан Сағынтаев аудан әкіміне осындай әлеуметтік жобаларды ауданның басқа учаскелерінде де ашуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар