Алматының білім мекемелерінде қандай заңбұзушылықтар жиі кездеседі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева онлайн брифинг барысында білім мекемелерінде қандай талаптар жиі бұзылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде 2020 жылдың 10 айында 48 білім мекемесіне профилактикалық бақылау жүргізілген. Бақылау нәтижесінде ҚР Білім туралы заңнама талаптарын сақтамау деректері анықталды.

Бақылау қорытындысы бойынша кемшіліктерді жою мақсатында мекемелерге заңбұзушылық туралы ұйғарым берілді.

«Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тапсырмасына сәйкес, орта білім ұйымдарында «Бейнебақылау» бойынша мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша, 205 орта білім мекемесіне бейнебақылау жүйесін орнату туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Алматы қаласының білім басқармасы 2021 жылға, орта білім беру ұйымдарында бейнебақылауды жаңартуға қаржы жоспарлау мәселесін қарастыруда»,– дейді Гүлнар Ермекбаева.

Сонымен қатар, ол 10 ай ішінде жеке тұлғалардан 66 өтініш түскенін, оның 19-ы шағым екенін атап өтті.

«Негізінен білім ұйымдары қызметінің үлгілі қағидат талаптарын сақтамау фактілері кездеседу. Атап айтқанда балалардың өмірі мен денсаулығын сақтамау және мектепке дейінгі ұйымдардың, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілі оқу бағдарламаларын толық көлемде сақтамау, балалардың құқығын қорғау мәселесі, жеке мектептерде оқу үшін ақы төлеу және тағы басқа фактілер бар»,– дейді ол.

Спикердің айтуынша, бала құқығын қорғау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.

«Департамент балалар құқығын қорғау, балалардың қараусыз және бақылаусыз жүруіне қарсы әрекет ету және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа ұйымдармен өзара байланыс жасайды. Біз кәмелетке толмағандарға қатысты ақпаратты пысықтаймыз, сондай-ақ «Бала қорғау» чатында, әлеуметтік желілерде азаматтардың балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өтініштері бойынша түсініктеме береміз», - деді Г.Ермекбаева.


Соңғы жаңалықтар