Алматының білім басқармасы Шарын шатқалында селден көз жұмған мұғалім туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының білім басқармасы Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалім туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл.

Кейінгі 3 жылда ол №199 гимназияда жұмыс істеген.

«Өте жауапты мұғалім, бүкіл оқушының сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері, бірнеше буын түлектеріне білім беріп, тәрбиелеп шығарды. Ерекше жарқын шығармашыл адам, өмірде жетекші, мақсатшыл еді», – деп атап өтті білім басқармасынан.

Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға кезінде Мерей Ибрагимов балаларға көмектескен.

Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын.

Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

«Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 2010 жылы дүниеге келген қыз баланы тапты.

Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.

Шарын шатқалында селге аққан қыз бала құтқарылған сәт бейнеленген видео жарияланды.

Шарын шатқалында жоғалған 11 жасар қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді.




Фото:instagram.com/ibragimovmerey


Соңғы жаңалықтар