Алматының бас жоспарын қоғамдық талқылау аяқталды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы әкімдігі және «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС-нің бастамасымен шаһардың 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарының үш күндік қоғамдық талқылауы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы алғанда, қаланың барлық сегіз ауданының тұрғындары мен сарапшылар бас жоспардың көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту, сонымен қатар ауаның ластану мәселесін шешу жолдары мен экологиялық жағдайды жақсарту шараларын қамтитын бөлімдерін талқылады.

Жаңа бас жоспар қала құрылысының әлемдік тәжірибесін ескеріп, Алматы қаласын дамытудың векторы болып табылатын, агломерациямен тиімді байланысқан үйлесімді мегаполис тұрғындары мен қонақтарының тұруы, жұмыс істеуі және демалысы үшін тартымды және жайлы орынды көздейді.

Бас жоспарды әзірлеушілердің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 млн, 2040 жылға қарай – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 млн адамға жетеді. Құжатта әзірлеуші Тамара Залогина қала халқы келушілер есебінен 60 пайызға, ал туу көрсеткіші есебінен 40 пайызға артып отырғанын жеткізді.

«2014 жылы халық саны келушілер есебінен 134 мың адамға артқанын көріп отырмыз. Бұл қалаға 22 мың гектар жер кесілген кезде болды. Жалпы, халықтың өсу қарқыны біркелкі. Біз негізінен халық саны табиғи өсім есебінен артады деп болжап отырмыз. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады», - деді Тамара Залогина.

Айтуынша, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр болуы тиіс.

«2040 жылға қарай жалпы саны 3 млн адам болатын Алматы қаласы тұрғындарының жобалық қоныстануы мынадай түрде жүреді: Оңтүстік-Батыс жоспарлау аймағында 1,3 млн адам (44,6%), Орталық жоспарлау аймағында 0,5 млн адам (18,1%) және Шығыс жоспарлау аймағында 0,45 млн адам (15,2%) тұратын болады», - деді ол.

2022 жылдың шілдесінен бастап «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС тұрғындар арасында ауқымды сауалнама жүргізіп жатыр, оның деректері полиорталықтардың бас жоспарларына техникалық шарттарды дайындау үшін қажет. «Тұрғындар сауалнамасы» жоба қаладағы адамның тәжірибесіне жүгінуге, қалай өмір сүретінін, жолға қанша уақыт жұмсайтынын, не мазалайтынын, не ұсынатынын, қаланың дамуына қатысуға қалай дайын екенін білуге мүмкіндік береді. Бас жоспарды талқылау барысында көтерілген мәселелер, сұрақтар мен ұсыныстардың көпшілігі «Тұрғындар сауалнамасын» зерттеудің алдын ала нәтижелерімен расталады. Бүгінгі таңда 11 мың сауалнама жинақталған.

Мамандар бас жоспардың қоршаған ортаға, қоғамдық көлікке, солтүстік бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты бөлімдері бойынша ұсыныстар жасады. Тауларды қорғау қажеттігін де атап өтті. Барлық ұсыныс қала құрылысы құжатында ескеріледі. Құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай, қолданыстағы BRT желісі «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзартылады.

Қоғамдық талқылаулар барысында барлық сегіз ауданның тұрғындары өз шағын аудандарының әлеуметтік нысандары, инженерлік желілері және басқа да инфрақұрылымдық құрылысын дамыту барысымен танысты. Олардың сұрақтары мен ұсыныстары негізінен нақты салаларға қатысты болды және бас жоспардың негізгі тарауларына әсер еткен жоқ. Дегенмен, жұмыс тобының мүшелері олардың ескертулерін қарап, назарға алатын болады. Мәселен, Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы – қазіргі уақытта 54,2 пайыз. Тиісінше 1 943 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріздердің тозуы – 56,6% пайыз, яғни 1000 км-ден астам желіні жаңарту керек.

Су құбыры мен құрылғылар құрылысының бірінші кезегін іске асыру аясында 2030 жылға дейін құйылатын инвестиция көлемі – 144 млрд теңге. Инженерлік инфрақұрылым құрылысының екінші кезегіне (2040 жылға дейін) 257 млрд теңге мөлшерінде қаржы қажет, оның ішінде 1 545 км су құбыры желілеріне. Сумен жабдықтау жүйесін дамытумен бір мезгілде қалалық аумақтарды кәріздеу бағдарламасын жедел іске асыру көзделген

Іле Алатауының етегіндегі бау-бақшаларды сақтау мәселесіне қатысты мамандар бас жоспарда қаланың жасыл қорын сақтау мен ұлғайту қарастырылғанын, тау бөктерлерін дамытуға қатаң шектеулер енгізілгенін түсіндірді. Қоғам белсенділерінің барлық ұсынысы да есепке алынып, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірлеушілерге беріледі.

Сарапшылардың сөзінше, соңғы жылдары әлем бойынша экологиялық өзгерістерге байланысты Алматының жасыл кеңістігі нашарлаған. Сондай-ақ, жасыл кеңістікті күтіп ұстаудағы біздің бұрынғы әдісіміз өз маңыздылығын жойды. Осыған байланысты жаңа технологияны қолданып, қалаға жауын-шашын мол жауатыны ескерілуі керек.

«Бас жоспарды жасауға 20-дан аса ұйымның сарапшысы және маманы қатысты. Құжатта ең бастысы полиорталық жасау туралы тұжырымдама нақты бекіді деуге болады. Әрбір тұрғын өз жеріндегі мәселені айтуға тырысты. Оның бәрі ескеріледі. Дегенмен, қазіргі маңызды міндет – басты ережелерді бекіту», - деді урбанист, бас жоспар әзірлеушісі Святослав Мурунов.

Ал, ардагер сәулетшілер түрлі пікір мен ескертулерге қарамастан, бас жоспарды тездетіп қабылдау керегін айтады.

«Қаланың бас жоспарын уақыт күттірмей қабылдау керек. Өзгертулерді кейін де енгізе беруге болады. Қала құрылысы 10 жылдан бері нақты жоспарсыз дамып жатыр. Сондықтан да, үйлер мен саябақтар қалай болса солай салынып кетті. Экологияның ластануы да, жалпы қала құрылысына қатысты хаос та осыдан туып отыр», - деді сәулетші Сайран Фазылов.

Үш күндік қоғамдық талқылау барысында сарапшылар мен азаматтардан түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер Алматы полиорталықтарының бас жоспарларын әзірлеу бойынша техникалық тапсырмаларды (ТТ) белгілеу кезінде ескерілетін болады.

Айта кетейік, қазіргі бас жоспар осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 2002 жылы бекітілген және онда қаланың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ескерілмеген. Бас жоспарға енгізілген түзетулер оны жан-жақты жетілдіре алмады: құжат өзгерістерді ескермеді, өзектілігін жоғалтты және түбегейлі қайта қарауды қажет етті.

Сондықтан, былтыр Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында қабылданады деп жоспарланған 2040 жылға дейінгі қаланың жаңа бас жоспары бойынша жұмыс басталды.


Соңғы жаңалықтар