Алматының бас жоспары: сарапшы кварталдық құрылыстың артықшылықтарын атады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Кварталдық құрылыс қаланың кез келген ауданындағы тұрғындар үшін қолайлы әлеуметтік ортаны құрайды. Оның арқасында тұрғын ғимараттар әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым объектілері мен демалыс аймақтарының жанында орналасатын болады.

Бұл туралы Қазақстанның құрметті сәулетшісі Сайран Фазылов айтты, деп хабарлайды Қазқпарат тілшісі.

Сайран Фазыловтың сөзінше, Алматының жаңа Бас даму жоспарының негізгі аспектілерінің бірі - жаңа тұрғын үй құрылысы кезінде қаланың орталық бөлігінің тарихи қалыптасқан кварталдық құрылысының сабақтастығымен байланысты болуы.

«Менің ойымша, бұл тәсіл мәдени және архитектуралық мұраны сақтау тұрғысынан маңызды әрі үйлесімді және жайлы қалалық ортаны құруға ықпал етеді»,- дейді сәулетші.

Оның айтуынша, қазір Алматының тарихи орталығы ғана жайлы қаланың заманауи моделінің негізгі талаптарына сай келеді. Ол мектептер мен балабақшаларға, қоғамдық кеңістіктерге жаяу жетуге жақсы мүмкіндік жасайды.

«Бас жоспар аясында көлемі 160 х250 метр кварталдардың параметрлері пайдаланылатын болады. Бұл дамудың оңтайлы құрылымын, сондай-ақ бұрыннан бар кварталдармен үйлесімділікті қамтамасыз етеді, осылайша қалалық кеңістіктің бірлігі мен тұтастығын сақтайды»,- деді спикер.

Сонымен қатар, ол соңғы онжылдықта қала негізінен тау бөктеріне жақын орталық және жоғарғы (оңтүстік) бөліктерінде дамығанын атап өтті. Былтыр жаз айында жүргізген қалалық сауалнаманың алдын ала нәтижелері көрсеткендей, қала тұрғындарына әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, секциялар, спорт алаңдары жетіспейді. Коммерциялық нысандардың ішінде фитнес орталықтары, шығармашылық шеберханалар, отбасылық кафелер мен коворкингтер жеткіліксіз.

«Кварталдық құрылыс, біріншіден, қаланың кез келген ауданындағы тұрғындар үшін қолайлы әлеуметтік ортаны құрайды. Екіншіден, бұл көлік кептелісі мен тұрақ мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, жасыл аймақтардың ұлғаюына ықпал етеді. Кварталдық құрылыстың арқасында тұрғын ғимараттар әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым объектілері мен демалыс аймақтарының жанында орналасатын болады. Мұндай даму құрылыс үшін қолжетімді аумақтарды әлдеқайда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, бұл тұрғын үйді адамдар үшін қолжетімді етеді»,- дейді сарапшы.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітті.


Соңғы жаңалықтар