Алматының автобус жүргізушілері 4 сағат қана ұйықтайды - Исахов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов автобус жүргізушілерінің тәртібі мен мәдениетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы автобус жүргізушілерінің тәртібіне қатысты сұраққа жауап бере келе, олардың жалақысыныңаздығы мен жұмыстың ауырлығын ескеру қажет екенін айтты.

«Меніңше, негізгі мәселе - жалақыда. Біз транспорт компанияларының есебін алып отырамыз, онда төменгі жалақы 189 мың теңге деп көрсетілген. Ал жұмыс графигін қараңыз. Жүргізушілер таңғы 6:30-нан кешкі 21-ге дейін жүреді. Сондықтан, Алматыда жүргізушілердің жетіспеушілігі шамамен - 30 пайыз. Жұмыс өте ауыр», - деді ол.

Мақсұт Исахов 12-ші бағыттағы автобуста жолаушыға «Оңай» картасы арқылы екі рет төлем жасатқан жағдай бойынша жүргізушімен жеке өзі сөйлескенін айтты.

«Мен бір жолаушыдан екі рет төлем алған 12-ші бағдардағы автобус жргізушісімен сөйлестім. Ол жұмыстың ауырлығын алға тарты. Таңғы 5-тен тұрып, кешкі 9-да жұмысты аяқтап, түнгі он бірде үйіне шаршап, әрең жетеді. Жүргізушілер 4 сағат қана ұйықтайды. Сол күні оның айтуынша, салонда 70-тен астам адам болған, бірақ «Оңаймен» 17 адам ғана жолақы төлеген. Осыдан кейін, жүргізуші 80 теңгесін жолға қимай тұрған жолаушыларға қатты ренжіп, автобусты тоқтатып тастаған. «Барлығы төлем жасамай жүрмеймін деп автобусты тоқтатып тастағаның қате», дедім. Бірақ, ол солай жасауға мәжбүр болған. Мен оның әрекетін ақтамаймын, алайда жолаушылар да жүргізушіні осындай жағдайға жеткізетін кездер кездеседі», - деді Исахов.

Мақсұт Исахов басқарма қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салатынын мәлім етті. Ол үшін бірнеше бағдарға бюджеттен демеуқаржы бөлінбек.

«2017 жылы 15 бағдарға демеуқаржы қарастырылды. 2018 жылы 44 бағдарға демеуқаржы беру үшін 7,5 млрд теңге бөлінді. Демеуқаржы туралы келісімшартты әзірлегенде біз оның мәтініне жүргізушінің мәдениетті болуы, транспорттың тазалығы, аралық жиіліктің қысқалығы туралы бірнеше бапты енгіздік», - деді М. Исахов.

Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы қоғамдық көліктерінде 220 млн жолаушы тасымалданған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 20,6 %-ға артық. Транзакциялардан 13 млрд теңге кіріс келген. 

Соңғы жаңалықтар