Алматының аудандық әкімдіктеріне жекелеген функцияларды іске асыру үшін 100 млрд теңге бөлінеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Аудан әкімдіктеріне бірқатар жекелеген функциялар беріліп, бюджетті бірінші нақтылау кезінде шамамен 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Алматы әкімдігі жекелеген функцияларды аудандық әкімдіктерге беру туралы бастама көтеріп, ұсынысқа Президент қолдау білдірді.

«Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар қалалар мен елордада орналасқан аудан әкімдіктеріне 15 функцияны беру туралы ҚР Бюджет кодексіндегі түзетулерге қол қойды. Биыл қалалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде Алматының аудандарына шамамен 100 млрд теңге, оның ішінде Алатау ауданына 17,3 млрд теңге беріледі», - деді Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, жолдар, инженерлік желілерді жөндеу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, әлеуметтік қызметтерді, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын қаржыландыру және басқа да жұмыстармен аудандық әкімдіктер айналыспақ.

«Орталықсыздандыру жұмысы аудандық әкімдіктерге жеткілікті қаржы ресурсын бөлуге мүмкіндік береді және аудан әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігін айтарлықтай арттырады», - деді Ерболат Досаев.

Айта кетсек, 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.


Соңғы жаңалықтар