Алматының аудандық әкімдіктерінде мемлекеттік қызмет «бір терезе» арқылы көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда азаматтар үшін мемлекеттік органдарды ашық және қолжетімді ету мақсатында «Сервистік әкімдік» жобасы жүзеге асты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсет Мұқажанов Instagram парақшасында барлық аудандарда «Сервистік әкімдіктер» ашылғанын жазды.

«Open space форматында азаматтарға ең қажетті мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, кеңес беріледі. Ашық кабинетте азаматтарды аудан әкімдері мен оның орынбасарлары қабылдайды. Карантинге байланысты кездесулер онлайн форматта өтеді. Қала тұрғындарын абаттандыру, ТКШ, жолдар мен аулаларды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік, жарықтандыру мен сумен жабдықтау мәселелері толғандырады», - деп жазды Алматы әкімінің баспасөз хатшысы.

Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп жүзеге асырылған жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың азаматтарға ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, кедергісіз ортаны қалыптастыру.

«Мемлекеттік қызметтерді алу процесі тұрғындар үшін барынша жеңілдетілген әрі ыңғайлы. Бұл ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келеді», - деп атап өтті Ә. Мұқажанов.


Соңғы жаңалықтар