Алматының апорты Ресейге экспортталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазір әлемдік және өңірлік нарықтарда экспорттық кеңістіктерді белсендірек игерген жөн. Біз жақын орналасқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз.

Бірінші кезекте, бұлар - Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Елбасы атап көрсеткен нарықтардың бізге ең жақыны - Ресей нарығы. Осы нарыққа шығарылатын тауарлардың қатарына бес жылда Алматының апорты да қосылады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов апортты Мәскеуге экспорттауға келісім жасалып қойғанын хабарлады. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен алма бақтарын қалпына келтіріп жатырмыз. Соның ішінде әйгілі апортымыз бар. Бүгінгі күні жеміс бақтарының ауданы 20 мың гектарды құрайды. Соның 2 мыңға жуығына апорт егілді. Бұл жерде кооперация жүріп жатыр. Мемлекет 353 млн. теңге жәрдемақша бөлді. 2020 жылға дейін біз апорт өсетін жеміс бақтарының ауданын 3100 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- деп хабарлады А. Баталов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Облыс басшысының айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында өңірде ірі өнімді жеміс бақтары көбеюде. Оларға тамшылап суғару тәсілімен қазіргі заманғы технологиялар қолданылуда. Мысалға, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Амал Био» ЖШС-і 45 гектарға 30 түрлі сұрыптың 127 мыңнан астам түп ағаштарын еккен. Сарқан ауданындағы «Сарқан Агро» ЖШС-і 100 гектарға, Ұйғыр ауданындағы «Alma Prodex» ЖШС-і 20 гектарға алма өсіріпті. Бұған қоса мемлекеттен бөлінген 353 млн. теңгеге 2016 жылы Панфилов ауданында - 1000 гектарға, Ұйғыр ауданында - 300 гектарға жаңа алма бағы өсіріледі. «Алма өсіру өте тиімді. Қазір біздің бақтарымыздағы алма әлі пісіп үлгермесе де, мәскеуліктер оны сатып алуға келісім жасады. Бірақ біз алдымен ішкі нарығымызды толық қамтамасыз етіп, содан соң экспортқа алма шығарамыз» деп нақтылады Амандық Баталов. Егер салыстыратын болсақ, Кеңес одағы заманында Алматы облысында 6200 гектар (республикада шығарылатын апорттың 78 пайызы) жерге апорт өсірілген.

2015 жылы жазда индустрияландырудың екінші бесжылдығына арналған телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды елімізді танытатын отандық бренд ойлап табуға үндегені мәлім. Президент ұсынған елімізді танытатын нұсқаның бірі - апорт алмасы. «Миландағы көрмеде салмағы бір келі таратын апортымызды көрсетті. Жұрттың бәрі таң-тамаша болып, сол жерден кете алмады. Шетелдіктер Қазақстанның алманың Отаны екенін білді. Бізден көп нәрсе шыққан. Мысалы, қазақ даласында өсетін қызғалдақты Нидерланды өндіреді. Марокка мен Нигерия оны күллі әлемге сатады»,- деп мысал келтірді Н. Назарбаев. Демек әйгілі апорттың ауданын ұлғайту арқылы үлкен жетістіктерге жетуімізге мүмкіндік мол. Экспорттық кеңістікті де игереміз, отандық өнім арқылы Қазақстанды әлемге танытамыз. Атап айтарлығы, қазір Қазақстанға, біз арқылы Ресейге экспортқа шығарылып жатқан қырғыз алмасы алматылық апортпен бәсекелесе алмайтыны айдан анық. 

Соңғы жаңалықтар