Алматының Алмалы ауданында 700 камера мен 16 жаңа бағдаршам орнатылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алмалы ауданында жаңа бағдаршамдар мен 700 камера орнатылады, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.

Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуі барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзінше, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2022 жылы Алмалы ауданында Байсейітова, Абылай хан, Тілендиев, Бөгенбай батыр, Төле би, Розыбақиев, Құрманғазы, Гоголь көшелері бойынша 13 жаңа бағдаршам орнатылды.

«Әкімдік 2023 жылдың мамыр айының соңына дейін тағы 16 бағдаршамның құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылдың қыркүйегінде бастау көзделген»,- деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ ол биыл Алмалы ауданына 700 жаңа бейнекамера орнатылатынын атап өтті.

«Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2022 жылы 541 СВМ бейнекамерасы орнатылды. Қосымша 700-800 жаңа бейнекамера орнату жоспарланған. Жол қауіпсіздігін жақсарту үшін қолданыстағы 178 «Сергек» кешеніне 2023 жылдың бірінші тоқсанында тағы 38 кешенді қосу көзделіп отыр», - деді қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуде.


Соңғы жаңалықтар