Алматының «Алғабас-6» шағын ауданындағы тағы бір қисайған тұрғын үйдің тұрғындарына басқа жайға көшу ұсынылуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының «Алғабас-6» шағын ауданындағы тағы бір қисайған тұрғын үйдің тұрғындарына басқа түрғын үйге көшу ұсынылуда. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне жергілікті тұрғын Гүлнар Тоқтабаева хабарлады.

Оның айтуынша, «Алғабас-6» шағын ауданындағы №1/148-ші көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Онда өмір сүру қауіпті. Гүлнар Тоқтабаеваның айтуынша, тұрғын үй өмір сүруге жарамсыз болып шықты.      

Алайда, соған қарамастан тұрғын үйдің пәтерлері биыл мамыр айының соңында бәрібір халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға үлестіріліп берілген. Ал, 16 тамызда үй қисая бастаған. Келесі күні тұрғындарға қала әкімдігінің өкілдері мен мамандары келіп,  үйдің апатты жағдайда емес екендігін, онда өмір сүруге болатындығын айтқан. 

«Олар бізге: «бұл үй өмір сүруге өте қолайлы, тұра беруге болады», - деп айтты. Ал енді болса, «шығыңдар» деп жатыр. Соған қарағанда үй өте қауіпті жағдайда деген сөз. Қазір әкімдік өкілдері жалынып-жалпайып, үйді босатуымызды, шамамен екі ай мерзімге  қаладан пәтер жалдап тұруымызды сұрап жатыр. Өтемақы төлеуге уәде берді. Бұл жерде бізге осы жақын жерден көпқабатты үйді ұсынып жатыр. Ол үйдің де қандай күйде тұрғанын, бір құдай біледі.  Ал, әкімдік өкілдері болса сол үйді екі ай ішінде ретке келтіріп беретіндерін айтуда», -деді Г. Тоқтабаева. 

Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгін қала әкімдігінің өкілдері алдағы 5 қыркүйекте екі кіреберісті 24 пәтерлі тұрғын үйге көшуді ұсыныпты.   

«Біз осы үйімізде қалсақ деп едік. Үйді нығайтып, бүкіл инженерлік жүйені ретке келтіріп беретін шығар деп үміттендік. Ал енді болса, үйді босатып, «Саялы» шағын ауданына барып тұруымызды сұрауда. Бізге сол ұсынған тұрғын үйді барып қарап едік, ол мына біз тұрған үйден де нашар болып шықты. Біз Мұз сарайы маңындағы тұрғын үйлерден пәтер беруін сұрап едік, сөйтсек біз тиісті санатына жатпайды екенбіз. Бірақ, заң бойынша біз секілді халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын тұрғындарға мұндай үйлерден пәтер беруге болады», - деді Г. Тоқтабаева.

Айта кетелік, бірінші рет «Алғабас-6» шағын ауданында биыл маусым айында №136-шы тұрғын үй қисайған болатын. Бұл шағын аудандағы тұрғын үйлер «Қол жетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.

null null 

Соңғы жаңалықтар