Алматының әлеуметтік әл-ауқат басқармасына жаңа басшы келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы болып Рахат Шимашева тағайындалды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің ресми өкілі Тимур Базарбаевқа сілтеме жасап.

Рахат Шимашева соңғы екі жылда тілдерді дамыту басқармасын басқарған болатын. Еңбек жолын Алматы қаласының №62 орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әртүрлі жылдары қаланың білім жүйесінде еңбек етті. Алматы қаласының Білім басқармасын бірнеше жыл басқарды.

Жаңа басшының алдына жұмыссыздықты азайту, әлеуметтік лифтілерді құру, ерекше қажеттілікке зәру жандарға кедергісіз кеңістік қалыптастыру туралы нақты міндеттер қойылды.

Айта кету керек, мұның алдында Алматы әкімі Бауыржан Байбек бірқатар негізсіз шығындардан арылуды ұсынған еді. Тұрғындармен жыл сайынғы есепті кездесу кезінде тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақтылы шаралары енген қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасын таныстырды. Аталған бағдарламаға 7 бағыт бойынша нақты 13 шара енген, олар - жеңілдетілген ипотека, стипендиялар мен тегін бала бақшалар, қайта оқыту мен еңбекпен қамту, жергілікті бюджеттен бір рет берілетін төлем көлемін ұлғайту. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге қаржысы жоқ болғандықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаты бөлінеді.

Бұдан өзге, Алматының тұрмысы төмен отбасыларының екінші баласынан бастап балабақшаға тегін барады. Аз қамтылған отбасылардың үздік оқушыларына стипендия төленеді. Бұл олардың оқуға деген ынтасын арттырады. Университеттер мен колледждердің студенттеріне ай сайын 10 мың теңгеден, ал оқушыларға 5 мың теңгеден төленеді.

Соңғы жаңалықтар