Алматының Алатау, Медеу аудандарында екі жаңа автобус бағыты пайда болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көлік реформасы жобасы аясында жылжымалы құрамды жаңалау және бағыттарды ұлғайту жалғасып жатыр. Бүгіннен бастап Медеу мен Алатау аудандарында №131 және №115 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, №115 бағыты бойынша Еуро-5 экологиялық санатындағы 16 автобус қызмет көрсете бастады. 9,5 метрлі автобустар кондиционерлермен, видебақылау камераларымен, пандустармен және басқаларымен жабдықталған.

Бұл өзгерістер қала тұрғындарының өтініштері бойынша ашылды.

Енді «Өжет» базары бекетінен шыққан көліктер Алатау ауданының «Теректі» ықшам ауданына дейін барады.

Медеу ауданындағы «Рахат» кондитер фабрикасы мен Қоңыр көшесінің арасын қамтитын №131 бағытында тар жолдарда жүруге ыңғайлы сыйымдылығы шағын автобустар жүре бастады. Бұл бағытқа 10 автобус бөлінді.

Осыған дейін Алматыда көлікті реформалау аясында №22, 70, 86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта жаңарып, №1 бағыт пен №201 магистральды бағыты ашылған еді. Көрші облыстан қалаға қосылған елді мекендерді көлікпен толық қамту үшін 10 бағыт ашылған болатын.

Жалпы, көлікті реформалау аясында Алматыда биылғы жылы сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус алынды, олардың 260-ы бағыттар бойынша жолда жүр, тағы да 130 жаңа автобус ақпан айының соңына дейін кезеңмен бағыттарға шығады. Жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алды, олардың 91 - і қала жолдарында қызмет көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар