Алматының Әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықтың шектелуі тиімділігін көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Әл-Фараби даңғылында жылдамдық сағат 60 шақырымға дейін шектелген болатын. Содан бергі 3 күнде бір де бір жол ережесін бұзу дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаменті жол жылдамдығын шектеуді енгізгелі бері Әл-фараби, Саин, Шығыс айналма тасжолында жол қозғалысының нәтижесін жариялады.

«Соңғы үш жылда жүргізілген талдауларға сәйкес, аталған тасжолдағы жол қозғалысы автокөліктердің санының артуына, трафиктің ұлғаюына, кейбір жүргізушілердің жауапсыздығына байланысты сын көтермейтін. 2016 жылы Әл-Фараби даңғылында 76 жол апаты болса, 2017 жылы - 97, 2018 жылы - 106 жол апаты тіркелген. Былтыр осы жолда 4 адамның өмірі қиылып, 127 адам жарақат алды. Саин көшесіндегі ахуалға келсек, 2016 жылы - 137, 2017 жылы - 169, 2018 жылы 183 жол апатынан 6 адам қаза болып, 171 адам жарақат алды. Шығыс айналма жолында 1 адам қаза болып, 33 адам жарақат алды», - деді қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.

Айта кету керек, Алматының үш көшесінде 15 қаңтардан бастап жылдамдық сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға түсірілді.

Полиция таратқан мәліметке сәйкес, әлемдік тәжірибеде жол жүру жылдамдығын 5 пайызға ғана азайтудың арқасында жол апатынан болатын адам өлімін 10-20 пайызға азайтуға болады.

Соңғы жаңалықтар