Алматының әл-Фараби даңғылына 80 км/сағ жылдамдық қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының әл-Фараби даңғылында сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге қайта рұқсат етілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала билігінен мәлім еткендей, тұрғындардан автожолдарға қатысты көптеген ұсыныстар түседі. Әсіресе, әл-Фараби даңғылында 80 км/сағатпен жүруге қайта рұқсат беру өтініштері бар.

Алматы әкімдігінен атап өткендей, «іс жүзінде қала әкімшілігі қоғамдық қысымда қалып отыр».

Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолы - бұл қаланың негізгі транзиттік магистральдары. Шет мемлекеттердің тәжірибесі жылдамдықты шектеу орталық көшелерге көбірек қолданылатынын көрсетеді, деді жергілікті атқарушы органнан.

«Тәжірибе көрсеткендей, рұқсат етілген жылдамдықты 60 км/сағатқа дейін төмендеткенімен, апатты жағдай қалада жақсарған жоқ. Өкінішке орай, жол-көлік оқиғаларының саны арту үстінде», - дейді әкімдіктегілер.

Шығыс айналма жолы мен әл-Фараби даңғылына бұрынғы жылдамдық режімін қайтаруды Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі де ұсынған болатын.

«Сондықтан, қоғам тарапынан түскен көп өтінішті назарға ала отырып, Алматы әкімдігі Шығыс айналма жолы мен әл- Фараби даңғылына рұқсат етілген 80 км/сағат жылдамдықты қайтару жөнінде шешім қабылдайды. Бұл бірыңғай айналма жолына енетін көшелерге қатысты оң шара болып табылады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар