Алматының 450 мыңнан астам тұрғынында несие қарызы бар

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының 450 мыңнан астам тұрғынында несие бойынша қарызы бар. Бұл туралы «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның мәліметінше, бүгінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.

«Көктемде Парламент Мәжілісіне аталған заң жобасы енгізілді. Енді күзде бұл заң жобасына қатысты қызу талқылаулар өтеді. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – заң жобасы Парламентте қаралғанға дейін азаматтармен кездесіп, олардың қандай уәж, ұсынысы бар екенін тыңдап, оларды жазып алып, депутаттарға жеткізу», - деді Айнұр Сартаева.

Спикердің айтуынша, бүгінгі күні Алматы қаласының 1 миллионнан астам тұрғынында несие бар. Оның ішінде 451 мыңнан астам азамат несиені 90 күннен астам уақыт төлемеген.

А.Сартаева мәлім еткендей, қазақстандықтар банкроттық бойынша 3 рәсімді қолдана алады.

«Бірінші рәсім »соттан тыс банкроттық« деп аталады. Оны азаматтар банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлар алдындағы борышы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаған жағдайда; ресми табысы жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен (36018 теңгеден) аспаған кезде (асырауындағы адамдар қоса есептеледі) қолдана алады. Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы тиіс және банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Екінші рәсім – «сот арқылы банкроттықты» азаматтар қарызы 4,9 млн теңгеден асқанда және қарыздың қалған түрі бойынша қолдана алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі болған жағдайда, ол сауда-саттық арқылы сатылуға жатады. Түскен қаражат кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Үшінші рәсім - «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру». Бұл рәсім арқылы азамат тұрақты табысы болған жағдайда қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеуге сот арқылы мүмкіндік ала алады. Несиені қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет», - деді ол.

Айнұр Сартаеваның сөзінше, банкроттықтың мынадай салдары болады:

- 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;

- азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;

- банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген. Сондай-ақ жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.

Еске салайық, бұған дейін Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттарды талқылайтынын хабарлағанбыз.


Соңғы жаңалықтар