Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарында қоғамдық көлік мәселесі қалай шешілген

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2040 жылға дейін Алматы қаласының жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылау жалғасып жатыр. Екінші күні сарапшылар, қоғам өкілдері мен қаланың барлық ауданының әкімі көлік инфрақұрылымын, Алматы агломерациясын және инженерлік желілерді дамытуды, сонымен қатар, Алматыдағы ауаның ластану мәселесін шешу жолдарын талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Транзиттік бағытты дамыту – қаланың маңызды қағидасының бірі.

Жаңа бас жоспарда жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын одан әрі кеңейтуге, Алматының барлық ауданында тұрғындар үшін жаңа серуендеу аймақтарын құруға баса назар аударылған.

Бұған қоса, жаңадан жолақтар жасау арқылы негізгі қоғамдық көлік дәліздерін (BRT, LRT, метро) ұйымдастыру, сонымен бірге велосипед жолдары желісін, велосипед пен электрлі самокатты жалға беру жүйесін дамыту жоспарға енген.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай қолданыстағы BRT желісі «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзартылады.

Райымбек даңғылы бойымен жаңа BRT желісін іске қосу жоспарда. Осылайша, жүрдек автобустар желісі 40 шақырымға ұзарады.

«Мұның барлығы қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жеке көлікпен жүру қажеттілігін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде арнайы жолақтардың көмегімен жағдайды жақсартуға мүмкіндік бар»,- деді бас жоспарды әзірлеуші Асхат Садуов.

Сондай-ақ бас жоспарды әзірлеушілердің алдында – Алматы қаласы мен агломерацияның дамуын үндестіру, оларды біртұтас ойластырылған көлік қаңқасына байланыстыру, спутниктік қалалар мен агломерацияның басқа да елді мекендерін полиорталықтық даму қағидаты бойынша жетілдіру, азаматтарды әлеуметтік инфрақұрылыммен және қоғамдық пайдалану орындарымен қамтамасыз ету және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын құру міндеті тұр.

Алматы тұрғындары және агломерация тұрғындары арасындағы өмір сүру сапасындағы диспропорцияны қысқарту аса маңызды мәселе.

«Соңғы жылдары Алматы агломерациясын әрбір елді мекен мен аудан жеке өздері, нақты басқару және жоспарлау жүйесінсіз қалыптастырып отырды. Қолданыстағы елді мекендерге әкімшілік аумақтарды бір-бірімен байланыстыруға дейін кеңейте отырып, ауыл-шаруашылық қордың қосымша жерлері қосылды. Бүгінде 2 миллионнан астам адам тұратын Алматы – бұл Алматы агломерациясының өзегі, ал қала құрылысшыларының алдында – агломерацияның басқарылатын урбанизациясына қол жеткізу керек»,- деді «Алматы бас жоспары» ҒЗИ ЖШС бас директорының орынбасары Айнұр Сарбаева.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылданды, ол агломерациялардың құрамына кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы қатынасты реттеуге бағытталған.

Сондай-ақ Алматы агломерациясын дамытудың бірыңғай кешенді жоспары әзірленуде, ол Алматы агломерациясының нақты іс-шараларын қаржыландырудың басым бағыттары мен көздерін айқындайтын болады.

«Алматы облысының орталығы Қонаев қаласын дамыту урбанизацияны жеделдетеді – болжам бойынша 2030 жылға қарай өңірде шамамен 4,5 миллион адам болады. Басты міндеттің бірі – орталық қала мен агломерацияны дамытуды үндестіру, біртұтас көліктік шеңберге байланыстыру, серіктес қалаларды және агломерацияның басқа елді мекендерін полицентрлік даму қағидасы бойынша дамытуды қамтамасыз ету, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылым құру және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын ұйымдастыру. Бұл агломерация халқының өмір сүру сапасы мен жақсы тұруындағы айырмашылықты қысқартуға тиіс»,-дейді жоба әзірлеуші.

Экологиялық мәселе бас жоспарды әзірлеушілердің ерекше назарында.

Ауаға зиянды заттар шығарындыларын азайту үшін құрылыс жобасын жобалау кезінде желдену режимін ескеріп, ЖЭО-2 газға ауыстыру, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлерге газ тарту жоспарға енген.

Жаңа 5 полиорталықтың бас жоспарларына техникалық шарттарды әзірлеу кезінде ауа ағыны қозғалысын ескеру қажет.

Бұл үшін құрылыстың қаланың ауа бассейніне әсерін зерттеу кезінде математикалық модельдеуді қолдану, аэрацияны жақсарту үшін сәулет-қала құрылысы әдістерін әзірлеу ұсынылады.

«Үш бағытта ауа ағындарының мәжбүрлі қозғалысын құру бойынша міндеттер анықталды: көлденең, тік және таулы алқап, оларды жүзеге асыру үшін теориялық модельдер әзірленді және компьютерлік модельдеуге арналған 3D кескіндер жасалды. Компьютерлік модельдеуді талдау инновациялық ұсыныстардың тиімділігін көрсетті. Мақсат - Алматы қаласының экологиялық мәселелерін шешу, қоршаған ортаның сапасын жақсарту, аумақтардың қала құрылысының экологиялық жағдайын болжау және экологиялық бақылауды жүзеге асыру, оларды жақсарту әдісін әзірлеу»,- деді «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Лейла Рахымжанова.

Айтуынша, бернулли эффектісі негізінде қаладан 200-300 м биіктікте тұрақты инверсия қабаты пайда болады.

«Ол түтіннің таралуын болдырмайды, сонымен қатар зиянды заттардың бүкіл алауын жерге қайтаратын экран ретінде қызмет етеді. Осылайша олардың түтін концентрациясын бірнеше есе арттырады. Яғни, сіз бен біз өте тығыз жабық қақпағы бар зиянды химиялық заттар бар ыдыста тұрамыз. Бернулли эффектісін пайдаланатын орталық ғимараттың арқасында құрылыс айналадағы ластанған ауаны тартып алады және көмірқышқыл газын шығарар алдында оттегіге айналдырады. Ол сондай-ақ аумақты қамтамасыз ету үшін қажетті энергияны өндіреді», – деді Лейла Рахымжанова.

Бас жоспарда жоғары сапалы инженерлік инфрақұрылымда қарастырылған. Бүгінде қала шекарасындағы коммуналдық инфрақұрылым біркелкі дамымаған.

Қаланың кейбір бөліктерінде орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесі жоқ.

Қолданыстағы желілердің негізгі бөлігі кеңестік жылдары дамудың жай-күйін және сол кездегі қала шекараларын ескере отырып салынды.

Тәуелсіздік жылдарында қала шекаралары бірнеше рет кеңейді. Бұрын инженерлік инфрақұрылымы жоқ совхоздар мен бау-бақша шаруашылығына тиесілі жерлер қалаға қосылды.

«Алматыда негізгі проблема тозған су желілері болып қала береді, бұл белгілі бір тұтынушыға су жеткізуді қиындатады. Мәселен, Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы қазіргі уақытта 54,2 пайыз. Тиісінше 1943 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріздердің тозуы 56,6% пайыз. Яғни 1000 км-ден астам қайта құруды қажет етеді»,- деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас инженері Гүлнар Нахметова.

Сумен жабдықтау жүйесін дамытумен қатар жаңа су бұру жүйелерін салуды және қазіргі қолданыстағыларын қайта жөндеуді жеделдету жоспарланып отыр.

Жылу энергетикасы – жоғары нормативтік шығындары бар сала – Париж келісімі бойынша ұлттық міндеттемелерді орындауға ықпал ете отырып, энергия сыйымдылығын оңтайландыруға және CO2 шығарындыларын азайтуға болатын ел экономикасының соңғы ірі секторы болып қала береді.

«Кез-келген сала сияқты, реттелген және мемлекеттің меншік иесі ретінде басымдықпен қатысу арқылы қазақстандық жылу энергетикасы тиімділіктің жоғары көрсеткіштерімен мақтана алмады. Мемлекет өнімнің – жылудың жоғары әлеуметтік маңыздылығына байланысты тиімділікті төмен деңгейде ұстады. Еліміздегі қала тұрғындарының 70%-ға жуығы орталықтандырылған жылумен жабдықтауға (ОЖЖ) қосылған. Алайда, пайдаланылатын жылыту жүйелерінің көпшілігі 20-40 жыл бойы жұмыс істеп келеді және ұзақ уақыт бойы энергия тиімділігінің заманауи стандарттарына сәйкес емес. Республика өңірлері бөлінісінде Алматы қаласының ескірген және жөндеуге мұқтаж жылу желілерінің үлесі өте жоғары – 56,1% (солтүстік өңірлерде үлес 10-40% диапазонында), ал қала қазандықтары жабдықтарының тозуы – 63,1%»,- дейді бас жоспарды әзірлеуші Әлия Мамырбекова.

Салада жинақталған тозу 50%-дан асады, жергілікті бюджеттен де, республикалық бюджеттен де инвестиция саладағы тозуды сәл қысқартуға мүмкіндік берді.

Алайда желілердегі жылудың жоғары шығыны (30%-ға дейін), жылу желілерінің гидравликалық режимімен, желілердің жылу оқшаулауымен, температуралық кестелерді сақтамаумен проблема, қазіргі уақытта автоматтандырудың төмен деңгейі сияқты басқа да техникалық мәселелер түпкілікті шешілмеген.

«2021 жылдың жазында шыққан жылу энергетикасы саласындағы қызметті реттейтін заң орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін және саланың инвестициялық тартымдылығын, энергия тиімділігін арттыруға, атмосфераға әсер ететін залалды заттарды өмендетуге, жаңаратын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге оң әсер етеді. Қазақстан және Алматы қаласы ЖЭО мен қазандықтардың, үлкен жылу магистральдарының мекені болып қала береді, ал бөліп тұтынуға көшу газдандыру бойынша шектеулерді ескере отырып, алыс перспективаға ұқсайды»,-деді ол.

Қоғамдық талқылаудың екінші күнінде сарапшылар мен қоғам өкілдері тарапынан бірқатар ұсыныс пен ескерту айтылды.

Айта кетейік, 25 қаңтар күні Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын қоғамдық талқылауды бастады.


Соңғы жаңалықтар