Алматының 2022 жылы өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының астанасы атануына барлық мүмкіндігі бар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ахметжан Есімов Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) Бағалау комиссиясының мүшелерімен кездесті.

Халықаралық делегация 2022 жылы ХХІҮ Қысқы Олимпиада және ХІІІ Паралимпиада ойындарын өткізуге үміткер қаланың дүбірлі додаға дайындығын зерттеу мақсатымен келген болатын.

Қала басшысы инспекциялық сапардың маңыздылығын ескере отырып, «Алматы-2022» Концепциясында ХОК сарапшылары мен кеңесшілері айтқан ұсыныстардың ескерілгендігін атап өтті. Оның айтуынша, барлық нысандар бірыңғай Олимпиада паркінде орналасады. Сондықтан, тиімді логистикалық жоспар қалыптастырылды.

«Біз 2011 жылы өткен 7-ші қысқы Азиада ойындарында жинақтаған тәжірибемізге және 2017 жылы өтетін қысқы Универсиадаға дайындыққа сүйенетін боламыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің өтінімнің маңызды бөлігіне айналған бұрыннан бар инфрақұрылымдарды толық пайдалану жөніндегі ХОК-нің ұсынысын ескердік», - деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде Бағалау комиссиясының мүшелері бүгінгі кездесудің тек қана Алматы мен Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орта Азия өңірі бойынша тарихи маңызы бар сапар екендігін ерекше атап өтті.

Ресей Олимпиада Комитетінің президенті, 2014 жылы Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары ұйымдастыру комитеті басқармасының төрағасы Александр Жуков ХОК атқару комитетінің Алматы өтініміне қолдау білдіруіне барлық мүмкіндіктердің бар екендігін айтты.

Сарапшы мәлімдегендей, қала географиялық жағынан өте қолайлы жерге орналасқан, қысқы спорттық жарыстарды өткізуде жинақталған тәжірибе мол, әлемдік деңгейдегі қысқы спорттық нысандар жеткілікті.

«Егер жеңіске жететін болса қалаға ХОК тарапынан 880 млн. АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсетілетін болады. ХОК бағалау комитетінің рөлі - спорттық нысандарға кешенді және техникалық баға берумен қатар олардың қалың бұқараға мұра болып қалатындығын да баса көрсету», - деді А.Жуков.

Комиссия тұжырымдары техникалық есепте толықтырылады, содан соң бекіту үшін ХОК-і атқару комитетінің мүшелеріне, кейін ХОК-тің барлық мүшелеріне жіберіледі және соңғы дауыс беруге бір ай қалғанда жарияланады. 2022 жылғы XXIV Қысқы Олимпиада және XIII Параолимпиада ойындарының астанасы болатын қала 2015 жылдың 31 шілдесінде Куала-Лумпурде (Малайзия) қаласында ХОК-тің кезекті сессиясында жасырын дауыс беру арқылы белгілі болады.

Соңғы жаңалықтар