Алматының 1400 көшесіне жарық тартылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көшелер мен аулаларды жарықтандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 1400 көшеге жарық орнатылады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, жыл соңына дейін Алатау, Наурызбай, Жетісу және Түрксіб аудандарында орналасқан көшелер толығымен жарықтандырылады. Мердігер компания кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін 80 шақырымды аумаққа желі тартып үлгердік. Жарықтандыруға арналған 7 мың кранштейн орнаттық. Қыркүйек айының соңына қарай шамдарды іле бастаймыз»,– деді Әсет Масабаев.

Әсет Масабаевтың айтуынша, Алмалы, Медеу, Бостандық және Әуезов аудандарындағы 600 көшеге жарық келесі жылы тартылады.

«Өткен жылы 329 көшені жарықтандырдық. Оған қоса бұрыннан тұрған ескі шамдарды LED шамдарға ауыстыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар