Алматылықтарға Богданович шыңына көтерілу қауіпті екені ескертілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Туризм басқармасы қар көшкіні қаупіне байланысты Богданович шыңына көтерілуге ескерту жариялады. Бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Туризм басқармасының басшысының орынбасары Марат Айнабеков тау туризмі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Богданович мұздығы Іле Алатауының Кіші Алматы сілемінде орналасқан. Мұздық теңіз деңгейінен 3160-3360 метр биікте орналасқан.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Богданович мұздығына барушылар саны артып бара жатқанын байқаймыз. Альпинизм мен спорт туризмі федерациясының сарапшыларымен ақылдаса отырып мынадай қорытындыға келдік. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін тауға шығудың қаупі арта түсті. Себебі, қазір маусымаралық уақытта жолдар тайғанақ әрі таудағы ауа температурасы құбылмалы. Қар көшкіні мен сел жүру қаупі бар», - деді басқарма басшысының орынбасары Марат Айнабеков.

Оның айтуынша, жақын арада күн суытып, жауын жаууы мүмкін.

«Тауға шығар кезде міндетті түрде жауын-шашын бар-жоғын тексеріп шығу керек», - дедіол.

Басқарма өкілі 2021 жылы 120 шақырым тау соқпағын абаттандыру қарастырылғанын айтты.

Туристердің қауіпсіздігі мақсатында Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында 2 құтқару пункті, 14 қауіпсіздік тірегі, Тұйық суда тікұшақ алаңы жасалады.

Тау шатқалында туристік навигация бірыңғай жүйесі, «Tau Go» смарт навигатор жасалады.

Одан бөлек 2021 жылы тау аймағында бақылау құтқару пункті ашылып, ол жерде құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік жүргізетін болады. Тау құтқарушыларының қатарынан қосымша 16 штат ашылатын болады.

Соңғы жаңалықтар