Алматылықтарға ақылы көлік тұрағы үшін 920 млн теңге айыппұл салынған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Автотұрақ ақысын төлеуден жалтарған алматылықтарға 920 миллион теңгеден астам сомаға 143 мың ұйғарым (айыппұл) шығарылды. Бұл туралы A- Паркинг компаниясының өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның хабарлауынша, 2019 жылы «Дозор-М» фотофиксация аппарат-бағдарлама кешенімен жабдықталған, көлік нөмірлерін танитын және көлік тұрағын төлеу немесе төлемеу туралы ақпаратты тіркейтін 11 автомобиль іске қосылған.

Компанияның IT директоры Рашид Мақсұтовтың айтуынша, жүйе автоматтандырылған. Ақылы тұраққа қойылған көліктерді тіркеп отыратын арнайы машина қала бойынша жүріп, барлық көліктерді жаппай белгілейді.

«Егер көлік тұрақ аймағында болса, онда арнайы камералар автотұраққа қойылған барлық көліктерді түсіреді. Ол мемлекеттік нөмірді тіркеу арқылы, GPS-ке суретке түсірілген көшені, уақыты мен күнін байланыстырып жібереді. Сонымен, автомобиль күні бойы жүреді. Әрі қарай, автоматтандырылған жүйе уақытты есептейді. Осылайша, біз көліктің ол жерде қанша уақыт тұрғанын анықтаймыз. Бұдан әрі, жүйе төлем фактісін тексереді, егер төлем жасағаны расталса, оған ешқандай шағым болмайды. Егер төлемеген болса, жүйе ұйғарым шығару туралы ұсыныс жасайды, біз құжатты келесі күні полицияға жібереміз», - деп түсіндірді ол.

Компания директоры Марат Пірінбековтің айтуынша, ақылы автотұрақтар жүйесі жұмыс істеген уақыттан бастап мемлекеттік бюджетке 1,7 млрд теңге түсірген. Оның 561 млн – салық аударымдары, 267 млн – көлік тұрағы үшін төлемдер, 247 млн – мемлекетке міндетті төлемдер, 622 млн теңге қала бюджетіне ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұл түрінде түсті. Бұл қаражат Алматы қаласының көлік және жол желісінің жағдайын жақсартуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар