Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 63 млрд теңгеден асты
«Алматы қаласы республика бойынша жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 63 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 56,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары, қалған 6,6 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынцша еңбек ететіндерге тиесілі», - деді филиал директорының орынбасары Жанар Кенжебаева.
Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 165 мыңға жуық адам 210 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген.
Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.
БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.