Алматылықтардың медсақтандыру жарнасы 60 млрд теңгеден асты
«Алматы қаласы ел бойынша жарна мен аударым көлемі жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 наурызына дейінгі аралықта Алматы қаласынан қорға 60 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 54,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымы», - деді филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров
Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 10 мыңға жуық адам 40,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген.
«Біріңғай жиынтық төлем – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады»,– дейді Нұрлыбек Қабдықапаров,
Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.