Алматылықтардың көлік салығы бойынша берешегі 7,6 млрд теңгеге жеткен

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мегаполисте биыл жеке тұлғалардан 5,3 млрд теңге көлік салығы түсті. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы салық органдары жеке тұлғаларға 2020 жылға арналған салықты 12,9 млрд теңгеден астам сомаға 564 924 көлікке есептеді.

«Сонымен бірге қаламыздың 115 928 тұрғынының жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеден асатын көлік салығы бойынша берешегі бар. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2020 жылғы көлік құралдарына салынатын салықты жеке тұлғалар 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей төлеуі қажет. 2 сәуірден бастап әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі», - деп атап өтті департаменттегілер.

Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары борышкерлерге қатысты қарызды мәжбүрлеп өндіріп алудың келесі шараларын қолданады:

- қарыз пайда болған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кейін борышкерге салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі;

- хабарлама жеткізілген күннен бастап 30 жұмыс күнінен кейін (1 АЕК-тен жоғары қарыз төленбеген жағдайда), салық берешегі бойынша салық бұйрығы борышкерге жіберіледі;

- бұйрық борышкерге жеткізілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кейін материалдар атқару органдарына беріледі.


Соңғы жаңалықтар