Алматылықтарды ботаникалық бақтың тағдыры алаңдатады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ботаникалық бақ қайта жөндеуден кейін қандай кейіпке енбек? Оның аумағы автотұраққа айнала ма, жылыжайдың жағдайы не болмақ? Әкімдік қарамағына өткізілетін ерекше қорғалған аймақтың алдағы жай-күйі қоғамдық кеңесте талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ботаникалық бақты жөндеуден өткізудің концепциясында суарудың жаңа жүйесі, бақты қоршау мен кіретін есікті анықтау, оны жарықтандыру мен бейнебақылау қою мәселесі, экскурсиялық инфрақұрылым салу қарастырылған. Ботаникалық бақты жаңартуға Болат Өтемұратов қоры мен «Верный капитал» компаниясы өкілдері ықылас білдіріп отыр. Құрылысты 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.

Әйтсе де, қала тұрғындарын ботаникалық бақтың қайта жаңғырудан кейінгі тағдыры алаңдатады. Ерекше демалыс орнында қоғамдық тамақтану орындары қаптап, айналасы автотұраққа айналып, ол көп саябақтың біріне айналмай ма деген күдік бар.

Қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Әсет Масабаев пен «Верный капитал» компаниясының директоры Ерлан Оспанов мәселенің түйінін тарқатып, тұрғындардың күдігін сейілтуге тырысты.

«Ботаникалық бақтың  статусы өзгермейді. Баққа келушілерді әкеліп тастау үшін немесе алып кету үшін техникалық есік жасалады. Кіретін жолдар Әл-Фараби мен Тимирязев көшелері тұсынан жасалуы мүмкін. Бірақ бұл жер автотұраққа айналмайды», - деді Әсет Масабаев.

Ерлан Оспановтың айтуынша, бақ территориясында қоғамдық тамақтану орындарын ашу жоспарда жоқ.

«Сусындар тек кіреберістегі павильондарда сатылатын болады. Бақ территориясында мұндайға үзілді-кесілді  тыйым салынған», - деді ол.

Сондай-ақ, Әсет Масабаев әкімдік қарамағына тек бақты пайдалану қызметі берілетінін, ғылыми бөлігі ҚР БҒМ меншігінде қалатынын атап өтті.

Аумағы 103,6 гектарды алып жатқан бақтың 27 гектарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өкінішке орай, жылыжайды қалыпқа келтіру жөндеу жобасына кірмейтіні айтылды.

ҚР БҒМ тиесілі ботаникалық бақтың қоғамдық аймағын әкімдікке өткізу мәселесі жыл соңына дейін шешілмек. Сондай-ақ, Болат Өтемұратовтың қоры бақтың  реконструкциясына бөлінген 15 млн доллардың инвестиция емес екендігін алға тартады. Бұл әлеуметтік жоба қаражаты ретінде қарастырылған. 

Соңғы жаңалықтар