Алматылықтар тұңғыш рет 6 метрлік жираф пен 3 тонналық мүйізтұмсықтың «биін» тамашалайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тұңғыш рет 6 метрлік жираф пен 3 тонналық мүйізтұмсық алматылықтардың алдында өнер көрсетпек. 18 қыркүйектен бастап 16 қазанға дейін Қазақ мемлекеттік циркінде «Африка алыптары» бағдарламасымен ресейлік цирк майталмандары өз өнерін ортаға салады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде баспасөз маслихаты өтіп, цирк бағдарламасы БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Ресейлік мамандардың айтуынша, жираф пен мүйізтұмсықтың Қазақ циркі аренасына шығуы басты жаңалық болып отыр. Қолға көп үйрене бермейтін жираф пен мүйізтұмсықты адамдар алдында «билету» оңайға түспеген, ол үшін мамандар арнайы Германия мен Солтүстік Африкада тәлім алыпты.

«Біз аңдардың мінезін зерттедік. Жираф өте сезімтал. Шалт қимылдайтын аң. Германияда үйретілгендіктен орысша бұйрықтарды түсінбеді. Неміс тілінде «сөйлейтін» жирафты үйретіп-ақ келеміз. Мүйізтұмсық та көне қоюы екіталай хайуан. Оған тіпті, жердегі арнайы төсеніш ұнамай қалса, қимылдамай қояды», - дейді белгілі цирк әртісі, ресейлік маман Инна Забелкина.

Олардың айтуынша, аталған цирк бағдарламасында ешкілердің арқанмен жүре алатынын да көреуге болады.

«Америкалық гамадрила маймылдары күрделі акробатикалық трюктерді орындайды. Суматралық жолбарыстар мен ақ арыстандар да көрерменнің көңілін табады», - дейді цирк әртісі әрі жетекшісі Георгий Виноградов.

Цирк әртістері бұл бағдарламасы аясында табиғатта бір-біріне болмысы қарсы екі хайуанның бірігіп, бір нөмірде өнер көрсетуін әзірге жұмбақ ретінде сақтап, бағасын беруді көрерменнің өзіне қалдырды.    

Соңғы жаңалықтар