Алматылықтар су көрсеткішін WhatsApp арқылы жіберетін болды

None
None
АЛМАТЫ ҚазАқпарат - Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін «Алматы су» мекемесі есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін қабылдауды автоматты жүйеге ауыстырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді тұтынушылар есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін WhatsАpp мессенжері арқылы жібере алады.

«Ол үшін есептеуіш құралының нөмірі мен көрсеткішін ұялы телефонға анықтап түсіріп алу қажет. Содан соң +7 747 3 777 444 нөміріне жолдау керек. Жіберілген көрсеткіш автоматты түрде ақпараттар қорына енгізіледі. Сапасыз жасалған суреттер немесе қосымша жазылған ақпараттар қабылданбайды. Сапарда жүретін, уақытын үнемдегісі келетін тұрғындар үшін кәсіпорын ұялы телефон арқылы төлем жасауға болатын жүйені енгізді. Су ақысын 5 түрлі тәсілмен төлеуге болады. Егер қосымша ақысыз төлегіңіз келсе, мекеменің кассасына немесе тұтынушыларға қызмет көрсету орталығында арнайы терминалда төлеуге болады. Уақыт үнемдегіңіз келсе, ұялы телефонда kaspi қосымшасында, 24 касса немесе поштадан төлем жасауға болады»,- деді «Алматы су» кәсіпорнының баспасөз қызметінен.

«Алматы су» мекемесінде қала бойынша халыққа қызмет көрсететін 4 орталық жұмыс істейді. Орталық қызмет көрсету кеңсесінің өзінде жылына 153 мыңға жуық тұтынушы суды тұтынуға қатысты, есептеуіш құралдары мен келісімшартқа отыру жайлы ақпаратқа қол жеткізген. 2018 жылы тұтынушылардан түскен шағымдардың 99 пайызы шешімін тапқан.

Сонымен бірге, уақыты тығыз, жұмыс бабына қарай кеңсеге келе алмайтын тұтынушыларға жеңілдіктер жасалған. Арнайы көпканалды телефон арқылы ақпараттарды білу мүмкіндігі бар.

Тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық жағдайлар туралы ақпараттарды қабылдап алатын диспетчерлік орталық бар. Мұндай орталықтар әр ауданда орналасқан (орталықтандырылған диспетчерлік кеңсенің нөмірі - 274 66 66). Қосымша басқа да сұрақтар туындаған жағдайда мекеменің жеке поштасына [email protected] хат жолдауға болады. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша коммуналдық мекемелер мен Алматы қаласының Даму орталығының арасында келісім -шарттарды электрондық жүйеге ауыстыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Қазіргі кезде екі мекеме арасындағы келісім жұмыстары қолға алынды.

Айта кетейік, қаңтардың бірінен бастап Алматы қаласында ауыз су құны 10 пайызға арзандады.

Соңғы жаңалықтар