Алматылықтар соғыс ардагерлерін еске алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Батырларға тағзым» акциясына қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ата, әкелері туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акцияға қатысушылардың бірі Георгий Кельберг екі атасы да қан майданға қатысқанын айтты.

«Менің атам жаяу әскер сапында жауынгер болды. 1943 жылы Курск шайқасында қайтыс болды. Екінші атам да соғысқа қатысып, ортамызға оралды. Ол соғыстың басынан соңына дейін жүріп өтті. Бұл мерекені біз жыл сайын атап өтеміз», - деді ол.

Қаланың тағы бір тұрғыны, Қорғаныс министрлігінің зейнеткері Игорь Егоров мерекенің маңыздылығын атап өтті.

«Менің әкем пулеметші болды. 1945 жылы Мукденнің түбінде соғысып, оралды. «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ол қайтыс болғанға дейін Ішкі істер министрлігінде қызмет етті, подполковник шенінде болды. Мен өзім Ауғанстанда соғысқан едім», - деді шекара қызметінің подполковнигі, қала тұрғыны Игорь Егоров.

Акцияға қатысушылардың арасында белгілі әскери дәрігер, Халық қаһарманы. Анатолий Осипов та болды.

«Менің әкем мен атам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Өзім 1969 жылы Жалаңашкөлдегі шекаралық қақтығысқа қатыстым. Ұрыс алаңында болдым. Жаралыларды таңдым. Мен ешкімге соғысты көрмеуді тілеймін. Бұл өте қиын. Мен 1935 жылы дүниеге келдім. Сол кездегі қиын кезеңдер есімде. Соның бәрін басымыздан өткердік. Сондықтан бүгінгі бейбітшілікті қорғау керек. Адамдар тек тыныш және әдемі өмір сүрсін деп тілеймін», - деді ардагер.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Жеңіс күні мерекесі сән-салтанатымен тойланып жатыр . Мереке аясында қала тұрғындары «Батырларға тағзым» акциясына қатысып, ардагер ата-әжелерінің суреттерін ұстап, орталық мәдениет және демалыс саябағынан 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа дейін жүріп өтті.



Соңғы жаңалықтар