Алматылықтар полицейлерге өз еріктерімен 25 қару тапсырды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы полициясына азаматтар өз еркімен 25 қару тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тапсырылған қарудың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған.

«7 ақпаннан бастап Алматы қаласында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Атыс қаруын сақтау ережелеріне ерекше назар аударылатын болады. Мұндай шара қаладағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына оң әсер етеді.

Естеріңізге сала кетейік, қару табылған немесе анықталған жағдайда азаматтар оны өз еркімен құқық қорғау органдарына тапсыруы қажет, бұл оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Азаматтар құқықтық сауаттылық танытып, қаруды өз еркімен тапсырып жатыр. Бүгінгі күні өз еркімен 25 қару әкелінді», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.

Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарының аумақтарында полиция қызметкерлері ұрланған қарулардың 135 қару тауып, тәркіледі.

Сонымен қатар, қару-жарақ дүкендеріне қатысы жоқ 144 қару күдіктілерді ұстау және тінту кезінде тәркіленді.

Ұрланған қаруды іздеу жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар