Алматылықтар «Мизам» базарындағы контейнерлердің орнына мектеп салуды талап етті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алатау ауданының тұрғындары "Мизам" базары жалға алған жер теліміне мектеп салуды талап етті. Тұрғындар бүгін қала басшылығы мен Алматы Қоғамдық кеңес мүшелеріне осындай өтінішін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бізде мектеп тапшы, ал мұнда бұл бизнесмендер өздерінің контейнерлік қалашықтарын салуға тырысып жатыр. Жалға берілген жерді қайта алу керек, бұл базар ешқандай нормаларға сәйкес келмейді. Біз қанша жылдан бері сұрап келеміз. Осы аумақта бірнеше базар орналасқан, неге мектеп салуға болмайды?!", - деді ақсақал Сағатұл Таубалды.

Алатау ауданының тұрғындарын қоғамдық кеңес мүшелері қолдап, осы мәселені өздерінің жақын отырыстарының бірінде қарауға уәде берді.

"Өте дұрыс және өзекті ұсыныс. Мемлекет басшысы өз жолдауында балалар үшін мектеп салуды басты міндеттердің біріне қойды. Биыл Алатау ауданы өзінің 10 жылдығын тойлайды. Аудан қарқынды дамып келеді, бірақ инфрақұрылым төменгі деңгейде. Бүгінде мұнда мектеп тапшылығы айқын көрінеді. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, біз бұл мәселені қоғамдық кеңеске шығарып, оның шешіміне қол жеткіземіз", - деді қала Қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр Белянов.

Бүгін Қоғамдық кеңес "Мизам" базарында көшпелі кеңес жүргізді.

Онда қала белсенділері базар басшылығынан барлық анықталған заң бұзушылықтарды дереу жоюды және базардың жағдайын қолданыстағы заңнамаға толық сәйкестендіруді талап етті.

Қоғамдық ұйым өкілі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, контейнерлерден құралған дүңгіршектер - өткен күннің сарқыны ғана емес, адам өмірі үшін қауіпті дүние. «Бұл кейіпте базар жұмыс жасамауы керек. Біз осы сықылды нысандарды сүрумен айналысатын боламыз. Мұндай құрылғылардан қаланы енді тазалай бастағанда, бұл жарамайды», - деді ол.

Өз кезегінде "Мизам" көтерме-бөлшек сауда орталығының басқарушы директоры Болат Қожақов анықталған бұзушылықтарды мойындады.

«Иа, біздің тарапымыздан заңбұзушылықтар болды. Уақыт өтіп жатыр. Уақыт - ақша. Біз құрылысты бастадық. Ал қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бізге айыппұл салды. Заң бойынша контейнерлерден құрылыс салуға тыйым салынбаған», - деді базар өкілі.

Сонымен қатар, Алматы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында кәсіпкердің дәлелдерімен келіспеген.

«ҚР Сәулет құрылыс қызметі туралы Заңында контейнерлік типтегі құрылыстар адам көп шоғырланбайтын қарапайым құрылыс болған жағдайда ғана сараптамаға берілмейді. Мұнда техникалық тұрғыдан күрделі, әрі адам көп шоғырланатын нысан. Нысанның іргетасы, жұмыс жобасы болуы тиіс. Бұл жерде мәселе адамдардың қауіпсіздігі туралы болып отыр», - деді қалалық Сәулет және құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Олжас Төлебаев.

Соңғы жаңалықтар