Алматылықтар метромен көбірек жүретін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін БҰҰ Даму бағдарламасының «Тұрақты көлік» жобасының 6 жылдағы нәтижелері талқыланды. Алматы қалалық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов болашақта көлік жүйесінде жасалатын жұмыстар жайлы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Көлік реформасының арқасында жеке көліктен қоғамдық көлікке ауысқандардың саны 9 пайызға артты. Панфилов көшесіндегі жаяу жолаушылар жолын ашқалы бері Жібек жолы мен Алмалы стансасына отыратын жолаушылар саны 2 есеге артқан. Бұл өзгерістер қаладағы қоғамдық көліктің маңызын арттыра түсері сөзсіз», - деді Мақсұт Исахов.

Маманның айтуынша, биылдың өзінде Алматыда 530 жаңа автобус пайдалануға беріледі. Жалпы 2017 жылы қала әкімдігі 675 автобус алуға келісімшарт жасасқан. Оның 530-ы жолға биыл шықса, 140-тан аса автобус келер жылдың алғашқы тоқсанында келеді.

«388 автобусты әкімдік судсидиялау арқылы сатып алады, Ал қалғанын жеке тасымалдаушылар сатып алып жатыр», - деді басқарма басшысы Мақсұт Исахов.

Алматы басшысы Бауыржан Байбек бұған дейін қоғамдық көлік нарығындағы көлеңкелі ақша айналымы қандай болғанын айтып берді.

«Жеке тасымалдаушылар ылғи шығын көп деп шағымданатын. Шығын болса ешкім жұмыс жасамайтын еді ғой. Өйткені ешкім таза табыс туралы білмеді. «Оңай» жүйесін енгіздік.  Соның арқасында нарық тазаланды, нарық көлемі 21-30 млрд екені анықталды. Соның арқасында қазынаға таза салық түсіп, субсидия беру мүмкіндігі арта түсті. Яғни, автопарктер өздері автобус сатып ала бастады», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, қалада ақылы тұрақ көлемі 10 000 жеткізіледі. Велодәліз құрылысы, қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар жалғасады.

«Ұзындығы 22 шақырым болатын БРТ желісінің құрылысы 2020 жылы аяқталады. Келесі жылы ұзақтығы 22 шақырым болатын жеңіл рельсті көлік желісі құрылысы бойынша инвестор анықталады. 2020 жылы жерасты жолының 2 стансасы салынып пайдалануға беріледі», - деді Мақсұт Исахов.

Соңғы жаңалықтар