Алматылықтар «Мен қазақпын» челленджін қолдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар ҚР Тәуелсіздік мерекесі құрметіне басталған «Мен қазақпын» челленджін қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде басталған челлендж аясында, 16 желтоқсан күні Республика алаңында қала әкімшілігінің басшылығы, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, Ардагерлер кеңесі, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, ҚХА мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері және тағы басқалар «Мен қазақпын» әнін шырқады.

Республика алаңы мерекеге сай безендірілді: түрлі түсті гүлдер мен мемлекеттік рәміздер белгіленген көк түсті жалаушалар жиналғандардың бойына патриоттық сезім ұялатып, көңіл-күйін көтерді.

Қала басшылығы, ардагерлер кеңесі, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, жастар ұйымдары, сондай-ақ қала тұрғындары Республика алаңында Тәуелсіздіктің басты символына гүл шоғын қойды.

Бұл челлендждің мақсаты – Қазақстанның Тәуелсіздік күнін мерекелеу құрметіне «Мен қазақпын» әнін кеңінен насихаттау, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, Қазақстан халқының достығы мен бірлігі туралы үндеу.

Естеріңізге салайық, ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Мен қазақпын» челленджін павлодарлық оқушылар бастаған болатын.

Бұған дейін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен қазақпын» челленджін қолдаған еді.

Соңғы жаңалықтар