Алматылықтар «Қыз Жібекті» таңдайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ертең Алматыда ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен ең әдемі ару таңдалады. «Қыз Жібек» байқауын қалалық білім басқармасы ұйымдастырып отыр.

Қазір әр ауданнан 2 жеңімпаздан, яғни 14 үміткер іріктеліп, ақтық сайысқа жолдама алды.

Үміткерлерден ең алдымен қазақ тілін еркін меңгеруі талап етіледі. Сондай-ақ сыр-сымбаты келіскен қос бұрымды болуына да ден қойылады. Бойжеткен сахна мәдениетін меңгерген, дауыс ырғағы әдемі, шешен сөз шебері болса құба-құп.

Байқау барысында қыздардың сахнадағы жүріс-тұрысы, сырт бейнесі бағаланады. Кейін жанды дауыста халық әндерінің бір шумақ қайырмасын әуелетеді. Бұл талапта қазақ қызына тән сұлулықтары - ұзын бұрымдары, тал мүсіндері, қазақы келбеттері және ән орындау мәнерлері бағаланады.

Сонымен қатар олар нәзік жанды ақындарымыз Ф. Оңғарсынова, К. Ахметова, М.Айтхожина, А. Бақтыгереева, Т.Толқынқызы, Ш.Жұбатовалардың шығармашылығынан өлеңдер оқиды. Сондай-ақ арулардың спорттық, логикалық ойлау қабілеттері де таразыға түседі.

«Қазіргі қоғамдағы әйел-ананың рөлін айқындай түсу бағытында қыз балаларға рухани тәрбие беру, халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ұғындыру, білімге және өнерге ынталандыру - басты мақсатымыз. Қыз баланың мектепте және мектептен тыс уақытта өзін-өзі дұрыс игере білуіне жол сілтеу, өзіндік көзқарасын дұрыс қалыптастыра білуге бағыттау аса маңызды», - деді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, талапкер қыздардың өнерін белгілі өнер адамдарынан және білім басқармасының белгілі мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

Байқаудың ақтық сыны 5 наурызда Жазушылар үйінде өтеді.

Соңғы жаңалықтар