Алматылықтар коронавирустың болуы ықтимал жаңа толқынына қалай дайындалып жатыр

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың COVID-19 пандемиясының ықтимал жаңа толқынына дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Б. Сағынтаев осымен тоғызыншы рет «Алматы» арнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфиріне қатысып, оның барысында қалалықтардың өзекті сұрақтарына жауап берді.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар пәрменді шаралар қабылданды. Жедел жәрдем қызметі мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысын күшейтуге басымдылық берілді.

Бұдан бөлек, ковидті ауруханалардың төсек-орындық қуаты біртіндеп артуда. КВИ-мен күресте ашылатын медмекемелерді ескере отырып, 7226 орынды 32 стационар дайындалуда.

Бұрын жоспарланғанындай, қазан айында 1 мың адам қабылдауға қауқарлы жаңа медмекемелер ашылады. Мысалы, 500 орынды РВ-90 жаңа инфекциялық аурухана дайын. 300 төсек-орынды екінші модульді инфекциялық госпиталь пайдалануға беріледі. Бұлардан өзге, жеке инвестициялар есебінен 215 орынды екі толыққанды ковидті клиникалар құрылатын болады.

Бақытжан Сағынтаев инфекциялық ауруханаларда жұмыс істейтін кадрларды даярлау туралы да айтты. Қалада барлығы Қоғамдық даму басқармасына бағынышты 74 ұйым, 20 республикалық және 93 жекеменшік медициналық мекемелер бар. Бұл ұйымдарда небәрі 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

1 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 емдеуге денсаулық сақтау жүйесінің 27 ұйымы жұмылдырылды, 6200 төсек-орын қойылды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4035 қызметкер жұмыс істеді.

Бүгінгі күні эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты көпсалалы клиникалар өздерінің әдеттегі жұмыс режиміне көшті. Коронавирус инфекциясын емдейтін инфекциялық клиникаларда қазіргі кезде 93 науқас бар, 400-ге жуық дәрігер, медбике мен медициналық қызметкер жұмыс істеп жатыр.

Пандемияның жаңа толқыны болған жағдайда 5,5 мың медициналық қызметкер резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен интерн-дәрігерлер арасынан резерв құрылды, олардың саны 450-ге жуық.

Жаңа клиникаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін кадр ресуртарын жоспарлау және болжау бойынша жұмыстар жүріп жатыр, жаңадан қосылатын инфекциялық клиникалардың штаттық кестесі есептелуде.

Мысалы, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында жаңадан ашылған 500 төсектік инфекциялық стационардың жұмыс істеуі үшін штат кестесіне сәйкес 587 штат бірлігі қажет, бүгінгі күні оның кадрлармен жарақтануы 70%-ды құрайды. «Халық Арена» базасындағы клиникада 700-ден астам медицина қызметкері іріктеліп алынды.

Жаңадан әрі жедел салынып жатқан модульді стационарға 300 төсек-орын, 280-ге жуық медицина қызметкері қажет. Бүгінгі күні штаттық кесте жасалуда және кадрлық резерв арасынан мамандар іріктелуде.

Бүгінгі күні қаланың медициналық ұйымдарына реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог, пульмонолог сияқты мамандар жетіспейді.

Сонымен қатар, қала әкімінің мәліметі бойынша медұйымдардың материалдық-техникалық базалары айтарлықтай күшейтілді. Мәселен, 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖЖ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Бұларға қоса, көпсалалы медициналық төсектер, 250 төсек жанындағы монитор, зертханалық құрылғылардың 43 бірлігі, 1050 оттегі концентраторы алынды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 35 автомашинаға жаңарды, жыл соңына дейін жедел жәрдемнің тағы 100 көлігі алынатын болады. Бірінші эшелондағы сегіз стационарға медициналық газдың 24 мың төсек-орындық орталықтандырылған жүйесі орнатылуда.


Соңғы жаңалықтар