Алматылықтар көлікті тағы бір автоорталықта қайта рәсімдей алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 1 наурыздан бастап алматылықтарға көлікті қайта тіркеу үшін қала сыртына шығу қажет болмайды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№1 мамандандырылған ХҚКО-да (Саялы шағын ауданы) көлік құралдарын сатып алу-сатуды ресімдеу бойынша қызмет көрсеткен барлық оператор «Avtodom» автокешенінің ғимаратына көшіріледі. Осыған байланысты 27 ақпанда №1 мамандандырылған ХҚКО қызмет көрсетпейді.

Осы жылдың басында «Avtodom» сауда орталығында шағын бұрыш ашылды, онда көлікті қайта тіркеу қызметін тек бір оператор ғана ұсынған болатын. Мемлекеттік корпорация бұл бұрышты кеңейтіп, автоХҚО-ның толыққанды секторына айналдыру туралы шешім қабылдады.

«Біз халық ең көп баратын мамандандырылған ХҚО жүктемесін азайтып, алматылықтар үшін қайта тіркеу қызметін ыңғайлы жерден ала алатындай ету маңызды болды. Жаңа локация қала сыртына шықпай-ақ, сатып алынған машинаны қайта ресімдеу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз тіркеу бөлімінің 50 маманын осы секторға көшіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Пандемияға қарамастан, халыққа қызмет көрсету орталықтары клиенттерінің саны азайған жоқ. Өткен жылы алматылықтарға автокөліктерді қайта тіркеу бойынша 608 мың қызмет көрсетілді, бұл республика бойынша көрсетілген қызмет көлемінің 24%.

Саялы ықшам ауданындағы №1 мамандандырылған ХҚО-да алматылықтар бұрынғыдай жүргізуші куәлігін ресімдеуге байланысты мемлекеттік қызметтерді алуды жалғастырады. Атап айтқанда, теориялық, практикалық емтихандарды тапсыру, жүргізуші куәлігін жоғалуына және мерзімінің аяқталуына байланысты ауыстыру, қосымша жүргізуші категориясын алу және тағы басқа қызметтері.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар автоқызметтерді онлайн түрде eGov.kz және kaspi.kz қосымшасы арқылы рәсімдей алады.


Соңғы жаңалықтар