Алматылықтар қоқысты өткізгені үшін сыйлық алып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар қоқысты дұрыс өткізгені үшін түрлі сыйлықтар алып жатыр.  Жиналған қоқыстың барлығы қайта өңдеуге жіберілуде,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір қалада қағаз, пластик, полиэтилен қабылдайтын 7 пункт арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс жасайды. Қоқыс жинаудың жаңа қосымшасын жас стартаперлер - Халықаралық ІТ университетінің 4-курс студенттерінің командасы ойлап тапты. Жаңа жоба былтыр инновациялық жобалар ішінде үздік стартап жоба деп танылған болатын.

null 

«Тазалық» қосымшасы Android пен Ios платформаларына жүктеледі. Қазір Алматыда 700-ге тарта тұрғын бұл қосымшаны жүктеп алған.

«Енді қала тұрғындары өткізген қоқысы үшін сыйлық алады. Мәселен, оның арнайы тарифі бар. 10 келі қағазға 150 теңге беріледі. Әр 1 келі қоқысқа 1 бонус беріледі. 25 бонус алған тұтынушылар кинотеатрға  билет немесе Медеуге сырғанаққа билет  алады», - деді жоба авторларының бірі Айбек Рахым.

Оның айтуынша, белсенді азаматтарға арнайы профиль ашылып, мәртебе беріледі.

null 

Тұтынушылардың белсенділігі артқан сайын олардың қосымшадағы мәртебесі де өзгеретін болады.

Бейжай қарамайтын азаматтар экология қамқоршысына айналады.

«Қазірдің өзінде бізде 30 шақты эко-қамқоршы бар. Рейтингте бірінші Ермек Ахметов деген тұрғын тұр. Ол 1 тонна 500 келі қоқыс тапсырған. Қосымшада мотивациялық ақпараттар бар. Мысалы 10 келі қағаз өткізсе, кішкене шөп өсіп тұрады. Кейін ол шыбыққа, сосын талға айналады. Сонда адамдар табиғатқа қандай пайдасын тигізіп жатқанын анық көреді», - деді Айбек Рахым.

Сонымен қатар, студенттер әр ғимаратқа урналардың орнынан экологиялық бокс орнатты. 

null 

Офис қызметкерлері ғимараттан шықпай-ақ, пластик пен қағаз қоқыстарын арнайы бокстарға салады.

Әзірге мұндай құрылғылар AlmaU, Халықаралық ІТ университеті мен Смарт Пойнт коворкинг орталығында орналасқан.

Екі айдан соң пайдалануға смарт эко-бокстары беріледі.

«Қазір ғимарат иелері контейнердегі қоқыстарды свалкаға алып кету үшін әр контейнерге 2000 тг төлейді. Егер біздің арнайы смарт эко-боксты орнататын болса, бұл оларға тиімді болар еді. Себебі қоқыс шығару үшін ақша төлемейді. Біз оны өзіміз келіп алып кетеміз. Смарт бокстардың ішінде арнайы ұсақтағыш ұстара орнатылады. Түскен қоқысқы майдалап турап тастайды. Сонда жәшікке 15 емес 35 келі қоқыс сыятын болады. Әрі қаламыз таза, әрі қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі», - деді Айбек Рахым.

Жас новаторлар Алматының гүлденуі мен тазалығына бағытталған жобасы үшін инвестор іздеп жатыр.

null 

«Мәселе ақшада емес. Бірақ, егер осы жоба бизнес құрылымын қызықтыратын болса, инвестор тапсақ жақсы болар еді. Онда бүкіл қаланы осындай құралдармен қамтуға болар еді», - деді А.Рахым.

null 

Сондай-ақ, шара аясында 209 ағаш кесілуден сақталып, 12 тоннадан аса қоқыс қайта өңдеуге кетті.

Соңғы жаңалықтар