Алматылықтар Қазақстан астаналарының тарихын тағы бір шолып шықты (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының тұрғындары Қазақстан тарихында із қалдырған 4 астананың қалыптасуы мен дамуына көз жүгіртті.

Астана күніне орай өткізілген «Қазақстан астаналары - біздің тарих, біздің тағдыр» тарихи-мұрағаттық, музыкалық кеште Орынбор, Қызылорда, Алматы, Ақмола қалаларының тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Онда келушілер назарына Қазақстан астаналары туралы баяндайтын белгілі және жақында табылған сирек құжаттар ұсынылды. Арнайы түсірілген деректі фильм өткен тарих өрнегінде өшпес із қалдырған қалалар жайлы көрермендерге баяндап берді. «Қазақстанның ХХ ғасырдың басынан бері келе жатқан тарихында ең алғашқы астана 1919 Орынбор қаласы болғаны белгілі. 1924 жылы Астана Қызылордаға (бұрынғы Ақмешітке) көшіп келді. 1929 жылы Алматы Қазақстанның астанасына айналды. 1997 жылы 10 желтоқсанда ел тарихында айшықты орын алар айтулы оқиға орын алды. Көш Астанаға бет бұрды. Аз уақыт ішінде Елбасының қамқорлығымен Астана адам танымастай болып өзгерді. Бұрын тек облыс орталығы болса, қазір Астана дүниежүзіне белгілі мегаполиске айналып келеді. Әрі қаланы салу мен қалыптастыруда қаншама тер төгілді. Бүгін мемлекеттік мейрам қарсаңыда Қазақстан мұрағатшылары Астана күніне орай өзіміздің құттықтауымызды білдіргіміз келді», - деді ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жаппаров.

Б.Жаппаров Астананың дүниежүзілік ең үздік 10 қаланың қатарына енуіне тілектестік білдірді. Бұл шараға ҚР Ұлттық мұрағаты, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты, ҚР Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағаты, Астана, Орынбор, Қызылорда, Алматы мұрағаттарының ұжымы атсалысты. Сондай-ақ жиналғандарға 4 қаладан келген өнер ұжымдары мерекелік концерт ұсынды.

Соңғы жаңалықтар