Алматылықтар қаланы жоспарлауға қатыса алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Қала тұрғынының сауалнамасы» атты урбанистік зерттеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауалнаманы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Қолданбалы урбанистика институтымен бірлесіп әзірледі. Зерттеудің мақсаты қалалық инфрақұрылымды одан әрі жақсарту үшін идеялар мен ұсыныстарды жинау.

«Жауаптардың негізінде біз вернакулярлық аудандардың картасын ала аламыз. Алматылықтар қаланы қалай көруді қалайтыны, оларды не шабыттандыратыны, нені жақсарту керектігі айқындалады. Нақты учаскелер бойынша сұранысты анықтай отырып, біз олардың сапалы өзгеруін жүзеге асыра аламыз. Сондай-ақ бізге жауапкершілік алып, даму жобаларына қатысуға дайын, қаланың дамуына немқұрайлы қарамайтын қала тұрғындарының пікірі аса маңызды», - деді «Алматы бас жоспары» ҒЗИ» ЖШС директоры, сәулетші Асхат Садуов.

Нәтижесінде сауалнама бас жоспарды және дамудың бас жоспарларын сапалы әзірлеуге қажетті база ретінде пайдаланылады.

Сауалнама 43 сұрақтан тұрады.

Сауалнамадан өтуге болатын орындар: «Алматы бас жоспары» ҒЗИ-дің, Q-Lab қалалық жобалар зертханасының, Алматы қаласы қалалық жоспарлау және Урбанистика басқармасының интернет-ресурстары, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен метрода.

Сауалнаманың QR-коды LED-экрандарда, аялдамаларда, қоғамдық көлікте қолжетімді.


Соңғы жаңалықтар